Мемлекеттен қолдау болғанымен, кәсіпкерлерден қайтарым жоқ
Бұған қоса «Бизнестің жол картасы» және басқа да салалық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Яғни, елдегі бизнесмендер үкімет қамқорлығынан кенде емес. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті жоспарлы тексеруге мораторий жариялап, кәсіпкерлер үшін артық әкімшілік жүктемені де алып тастады. Елбасы биылғы сәуірден келер жылға дейін шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге тағы мораторий жариялады. Тағы деп отырғанымыз, бұл еліміздегі үшінші мараторий.
Орта және шағын бизнес соған сай дамуда ма? Бұл сұрақтағы ең басты мәселе кәсіпкерлік қызметтің адалдығында болса керек. Өйткені, бұл тұрғыда кімді болса да алаңдатар түрлі түйткілді жайттардың көрініс беріп жатқаны ащы шындық. Мысалы, «Гүлнар Тур» туристік компаниясы 300-ден астам қазақстандықты жат жерде ыңғайсыз жағдайда қалдырды. Мұндай келеңсіздік аталған және т.б. туристік компаниялар қызметінде бұған дейін де орын алғаны баршаға мәлім. Ендеше, мемлекет тарапынан жасалған қолдауды түсініп, халыққа адал қызмет етіп отыр деп айта аламыз ба бұларды?
Бизнестің қай түрін алсақ та, мұндай оқиғалар жетіп-артылады. Жұртшылық жылына бір рет алатын демалысын жақсы өткізгісі келеді. Бір қызығы, елдегі демалыс орындарының бағасын біздің қалтамыз көтере бермейді. Өйткені, біздегі шипажайлар мен демалыс орындарының қызмет ақысы тым қымбат. Бір адамға кететін шығынмен шетелде екі адам демалуға болады. Мәселен, Алматыдағы «Алатау» шипажайының күндік бағасы 24 мың теңгені құрайды. Қосымша қызметтерге бөлек төлейсіз. Мұндай қымбат шипажайдың қара халық есігінен де сығалай алмасы анық. Ендеше, шипажай иелерін өзіне жасалған қамқорлықты сезініп, халыққа қолжетімді бағада, сапалы қызмет етіп отыр деп тағы айта алмаймыз.
Тағы бір мысал, жанар-жағар май бекеттерінің қожайындары сапасы сын көтермейтін өнімдерімен халықты алдап, қыруар қаржы табуда. Бұл жасырып-жабуды қажет етпейтін шындық. Сол сияқты халал өнімдерінің барлығы бірдей шын мәнінде халал еместігі де бесенеден белгілі. Алматыдағы «Халал» деген таңбасы бар 30 нысанды тексеру барысында құзырлы органдар көптеген заң бұзушылықтар тапқан. Тағамдардың халал болмай шыққаны өз алдына, кәсіпкерлер өнімдеріне «халал» деп жазуға, сатуға да рұқсат алмаған. Яғни, ел заңдарын белінен басқан. Мәселен, Ресейде халал өнімдерін мүфтияттың рұқсатымен ғана шығарады екен. Егер заңсыз өнім өндірсе, дереу заңдық тұрғыдан қылмыстық іс қозғайды.
Халық үшін тұтынып, ішіп-жеп отырған тауарлар мен өнімдердің сапасы маңызды. Күнделікті сатып алған тағамдарымыздың қандай жағдайда даярланғаны қай-қайсымызға да беймәлім. Мұны, әрине, жауапты орындар бақылап отыруы тиіс. Сондай тексеру нәтижесі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Бұл мораторийға дейінгі жағдай. Сонда тауық рулеттерін дайындау мен өткізу қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерліктің антисанитарлық жағдайдағы цехта өнім жасағаны, тіпті, Қытайдан азық-түлік тағамдарын тасумен айналысатын кәсіпкердің жарамдылық мерзімінен бір жыл асып кеткен азық-түлікті саудалап келгені анықталды. Мұндай заңбұзушылықтар жетіп-артылады. Әкімшілік айыппұлмен құтылғандардың қазіргі мораторий жағдайындағы тірліктері не болып жатқаны бір Аллаға аян. Бұл кей кәсіпкерлердің тек өз құлқындарын ойлайтындықтарына, яғни, бизнесте шындықтың жоқтығына дәлел. Қылмыстық кодекстегі 223-баптағы тұтынушыларды алдауға қатысты жаза 2011 жылы алынып тасталған.
Біздегі шағын және орта бизнестің басым бөлігі алыпсатарлық жолда екені жасырын емес. Одан кейін бизнес дегенде әр адамның ойына алғаш келері де алып-сату, сол арқылы пайда табу. Өздігінен бірдеңені ойлап тауып жатқандар кемшін. Тіпті, шұлығымызды да қырғыз бен қытайлар тігіп беріп отыр. Одан қалса, әлі күнге дейін гүлді Голландиядан әкелеміз. Кей дерек көздеріне жүгінсек, республикамыздан жыл сайын шетелдік гүлдерге 160 млн. доллар қаржы шығатын көрінеді. Тауар атаулы, көкөніс, сондай-ақ азық-түлік түрлерін Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, т.б. елдерден тасимыз.
Басқасын айтпай-ақ қояйық, құнарлы ұлан-байтақ жерде отырып, гүлді шеттен тасығанымыз қай бизнесменге де сын. Мұның бәрін тізбелеп отырғанымыз, елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік те, жағдай да бар. Алайда кәсіпкерлер тарапынан оның қандай қайтарымы болуда? Бұған көңіл толарлықтай деңгейде жауап беру қиын. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, біздегі шағын және орта бизнес әлі алыпсатарлық деңгейден көтеріле алмай отыр. Тағы бір мысал келтіре кетсек, жақында Ауылшаруашылығы министрі Қазақстанда өндірілетін сүттің 60 пайызы ұнтақты концентраттан әзірленетінін айтты. Концентраттың шеттен әкелінетіні тағы белгілі. Ал елімізде сүт өнімдерімен айналысатын кәсіпкерлер аз емес. Яғни, олар жұрттың қалтасын сапасыз өнімдерімен қағып отыр. Бұларды бағамдасақ, мұның бәрін кәсіпкерлік мәдениеттің, кәсіпкерлердің тұтынушы алдындағы жауапкершілігінің жоқтығымен байланыстыруға болады.