Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа жыл сайын бюджеттен 5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді

«Үшінші секторды бюджеттен қаржыландыру соңғы жылдары 20 есеге артты. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа жыл сайын бюджеттен 5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Елімізде мемлекетпен толыққанды ынтымақтастық орнатып, белсенді жұмыс істейтін мыңға жуық қоғамдық ұйым бар. Бұл 2006 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артық. Осылайша мемлекет пен азаматтық қоғам өкілдері тығыз әріптестік орнатты», - деді Б.Майлыбаев.
Оның атап өтуінше, бұл жұмыстар болашақта да өз жалғасын табатын болады. Себебі, мақсат ортақ. Ол - кемелденген азаматтық қоғам құру, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту.
«Еліміздегі белсенді ұйымдардың көбі Қазақстанның азаматтық альянсына біріккен. Альянстың аясында көптеген игі істер атқарылуда. Бұл құрылған кезде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Азаматтық альянс елімізді әлеуметтік жаңғыртуда мемлекеттің сенімді әріптесі болатынына сенемін», - деген еді. Бүгінде альянс сол сенімді ақтап отыр деуге толық негіз бар», - деді ол.