Мемлекеттік әнұран – ел рухын оятатын жалынды әуен

1992 жылдың 4 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойған еді. Осы себепті жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Кеңес Одағы ыдырайтын, тәуелсіздік алатын жылдар таяған уақытта белгілі тарихшы, академик, ҚазақКСР халық депутаты Манаш Қозыбаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның заман талабына сай жаңа гербі мен әнұранын дайындау қажеттігі жөнінде арнайы хат жазып, бұрынғы символиканың жеке басқа табынушылық белең алған, ескі идеология заманында жазылғанын, сол үшін жаңа мәтінде ұлттық бояу, тәуелсіздік элементтерін енгізу қажеттігі туралы ұсыныстарын алға тартқан болатын. Бұл еліміздің жаңа рәміздерін дайындау жөніндегі жұмыстарға серпін берді.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз Тәуелсіздігіміздің рәміздерін көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туы, Елтаңбасы, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар біздің ең киелі құндылықтарымыз», - деген еді.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында әнұран екі рет – 1992 және 2006 жылдары қабылданды. 1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттілік нышандарын дайындау жөніндегі жұмыс тобы құрылып, жаңа рәміздерге байқау жарияланған еді. Мемлекеттік әнұранды іріктеу конкурсына 750 жоба келіп түскен.
Тәуелсіздіктің үлгісі болған Егемен Қазақстанның алғашқы әнұранының сөзін Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Мұзафар Әлімбаев және Жадыра Дәрібаева жазғаны белгілі. Ал оның әуені – 1943 жылы Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский жазған нұсқа бұрынғыша қалды.
«Сегіз жылдан кейін 2000 жылы 9 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әнұранды өзгерту қажеттігін қадап айтты және үкіметке нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде 2006 жылы қаңтар айында ел арасында танымал «Менің Қазақстаным» әні ресми түрде әнұран болып бекітілді. Оның әуенін Шәмші Қалдаяқов, сөзін – Жұмекен Нәжімеденов жазған болатын. Бұл әннің тарихы 1956 жылдан басталады. Тың игеру жылдарында марш сарынында жазылып, қазақтың рухын көтеру, намысын ояту мақсатында жазылған ән 1986 жылдың желтоқсанында да қайта жаңғырды», - деп жазды Бүркітбай Аяған «Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы» альбом-кітабында.
Сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Менің Қазақстаным» әнінің сөзіне бүгінгі еліміздің мақсат-мұратын айқындайтын түзетулер енгізіп, бірлескен авторлардың қатарын толықтырды. Жаңа әнұран алғаш рет 2006 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау кезінде орындалды.
«Кезінде біздің мынау терістіктегі бес облысымызды «Целинный край» етіп бөліп жатқан еді. Жұрт шуылдап, бұл қалай деп түсінбей жатқан еді. Сол кезде «Менің Қазақстаным» деп жазған ұран әніміз еді. Оның сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов домбырашы жігіт еді, консерваторияда оқыған. Сенің кеудеңде қазақ деген қаның бар ғой, «Менің Қазақстаным» деген сөз жаз, мен әнін жаздым» дедім. Оны Жамал Омарова алғаш рет радиода орындады. Радиодағы жігіттерге осы әнді күніне 1-2 рет беріп қойыңдар деп өтініш жасадық. Сөйтіп өзімізше бір патриоттық іс атқардық», - деп еске алады Шәмші Қалдаяқов.
Қазіргі уақытта мемлекеттік рәміздер туралы заңға сәйкес, әнұран Қазақстан Республикасы Президентінің салтанатты ант беру сәтінде, Парламент палаталары депутаттарының сессияларын ашу және жабу, Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне арналған салтанатты жиналыстар мен өзге де шараларды ашу кезінде, елге ресми сапармен келген шетелдік жоғары мәртебелі қонақтарды күтіп алу және шығарып салу рәсімдерінде және спорттық іс-шараларда орындалады.