Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидалары бекітілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрығымен Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидалары бекітілді.
None
None

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрлігінің бұйрығы

2015 жылғы 5 мамыр №320 Астана қаласы

Мемлекеттiк атаулы əлеуметтiк көмектi тағайындау жəне төлеу қағидаларын бекіту туралы

«Мемлекеттiк атаулы əлеуметтiк көмек туралы» 2001 жылғы 17 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 4-тармағына сəйкес бұйырамын:

1. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттiк атаулы əлеуметтiк көмектi тағайындау жəне төлеу қағидалары бекiтiлсiн.

2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрлігінің Əлеуметтік көмек департаменті заңнамада белгіленген тəртіппен:

1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Əділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Əділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында жəне «Əділет» Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрлігінің интернет- ресурсына орналастыруды;

4) осы бұйрықты облыстардың, Астана жəне Алматы қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармаларының назарына жеткізуді қамтамасыз етсін.

3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму вице-министрі С. Қ. Жақыповаға жүктелсін.

4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрі Т.ДҮЙСЕНОВА

«КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасының Инвестициялар жəне даму министрі _________ Ə. Исекешев 2015 жылғы 25 мамыр

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы №320 бұйрығымен бекітілген

Мемлекеттік атаулы əлеуметтік көмекті тағайындау жəне төлеу қағидалары

1. Жалпы ережелер

1. Осы Мемлекеттік атаулы əлеуметтік көмекті тағайындау жəне төлеу қағидалары (бұдан əрі - Қағидалар) «Мемлекеттік атаулы əлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан əрі - Заң) 7-бабының 4-тармағына сəйкес əзірленді жəне мемлекеттік атаулы əлеуметтік көмекті (бұдан əрі - атаулы əлеуметтік көмек) тағайындау жəне төлеу тəртібін айқындайды.

2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) əлеуметтік келісімшарт - жұмыспен қамтуға жəрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының жұмыссыз, өз бетінше жұмыспен айналысатын жəне табысы аз азаматтары қатарындағы жеке тұлға мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім;

2) жан басына шаққандағы орташа табыс - отбасының жиынтық табысының айына отбасының əрбір мүшесіне келетін үлесі;

3) жиынтық табыс - атаулы əлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескерілетін табыс түрлерінің сомасы;

4) мемлекеттік атаулы əлеуметтік көмек (бұдан əрі - атаулы əлеуметтік көмек) - жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекет ақшалай нысанда беретін төлем;

5) орталық атқарушы орган - халықты жұмыспен қамту жəне əлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

6) уəкілетті орган - республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың атаулы əлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;

7) учаскелік комиссия - атаулы əлеуметтік көмек алуға жүгінген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағд- айына тексеру жүргізу үшін тиісті əкімшілік-аумақтық бірліктер əкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;

8) халықты жұмыспен қамту орталығы - жергілікті атқарушы орган ауданда, облыстық жəне республикалық маңызы бар қалада, астанада жұмыспен қамтуға жəрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме.

9) халыққа қызмет көрсету орталығы (бұдан əрі - ХҚО) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау жəне олардың нəтижелерін көрсе- тілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды жүзеге асыратын, сондай-ақ ақпараттық жүйелер- ден мəліметтер алу арқылы электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін заңды тұлға.

3. Атаулы əлеуметтiк көмек жергiлiктi бюджеттердің қаражаты есебiнен ақшалай нысанда көрсетiледi.

4. Атаулы əлеуметтiк көмектi алу құқығы тоқсан сайын табысы туралы құжаттар ұсыну арқылы расталады.

2. Атаулы əлеуметтік көмекті тағайындау тəртiбi

5. Өтініш беруші атаулы əлеуметтік көмекті тағайындау үшін өз атынан немесе отбасы атынан осы Қағидаларға 1-қосымшаға сəйкес нысан бойынша өтінішпен жəне мынадай құжаттармен тұрғылықты жеріндегі уəкілетті органға не ХҚО-ға не кент, ауыл, ауылдық округ əкіміне жүгінеді:

1) жеке басын куəландыратын құжат (сəйкестендіру үшін);

2) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сəйкес нысан бойынша отбасы құрамы туралы мəліметтер;

3) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сəйкес нысан бойынша өтініш берушінің отбасы мүшелерінің алған табыстары туралы мəліметтер;

4) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сəйкес нысан бойынша жеке қосалқы шаруашылығының бар-жоғы туралы мəліметтер;

5) өтініш берушінің (отбасы мүшелерінің) тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы немесе кент, ауыл, ауылдық округ əкімінің анықтамасы);

6) жұмыспен қамтуға жəрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде жасалған жағдайда əлеуметтік келісімшарттың көшірмесі. Осы тармақтың бірінші бөлімінің 1), 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды ұсыну, оларда қамтылған ақпаратты мемлекеттік органдардың жəне (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алу мүмкіндігі болған кезде талап етілмейді.

Осы тармақта көзделмеген басқа да құжаттарды ұсынуды талап етуге жол берілмейді.

6. Өтініш беруші жүгінген кезде өтініштің, өтініш берушінің отбасы құрамы, өтініш берушінің отбасы мүшелерінің алған табыстары, жеке қосалқы шаруашылығының бар-жоғы туралы мəліметтердің (бұдан əрі - құжаттар) бланкілерін тегін алады.

Атаулы əлеуметтік көмекті тағайындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы №162 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамту 2020 жол картасы шеңберінде жұмыспен қамтуға жəрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы адамдардың ақшалай қаражат түрінде алған табыстары (шəкіртақы, тұруға жəне жол жүруге материалдық көмек, əлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан адамдардың бюджет қаражаты есебінен субсидияланатын жалақысының бөлігі, көшуге арналған субсидиялар) есепке алынбайды.

7. Өтініш беруші келесі тоқсанға атаулы əлеуметтік көмек тағайындауға қайта жүгінген жағдайда, осы Қағидалардың 5-тармағы 2)-4) тармақшаларында көрсетілген мəліметтерде өзгерістер болмаған кезде осы Қағидаларға 5-қосымшаға сəйкес нысан бойынша өтініш бланкісі ғана толтырылады.

8. Өтініш беруші осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынғаннан кейін, оның қатысуымен уəкілетті орган немесе ХҚО өтініш берушінің жəне отбасы мүшелерінің жеке сəйкестендіру нөмірі бойынша мемлекеттік органдардың жəне (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне осы Қағидаларға 6-қосымшаға сəйкес сұрау салуды қалыптастырады.

9. Мемлекеттік органдар жəне (немесе) ұйымдар сұратылған мəліметтерді растайтын мемлекеттік органдардың жəне (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйесінде жоқ электрондық құжаттарды ұсынған кезде сұрау салуды жүзеге асыратын уəкілетті орган немесе ХҚО түпнұсқада берілген құжаттарды сканерден өткізеді, олардың түпнұсқалығын куəландырады, содан кейін өтініш берушіге құжаттарды қабылдағаны туралы белгісі бар өтініштің үзбелі талоны- мен бірге қайтарады. Өтінішті жəне оған қоса берілген құжаттарды мемлекеттік органдардың жəне (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мəліметтермен бір жұмыс күні ішінде электрондық түрде уəкілетті органға жібереді. Электрондық өтінім ХҚО маманының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан əрі - ЭЦҚ) куəландырылады. Уəкілетті орган немесе ХҚО өтініш берушіден атаулы əлеуметтік көмек тағайындау үшін қабылданатын құжаттар топтамасының, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жəне (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мəліметтердің толықтығын тексереді, сканерлеу сапасын жəне өтініш беруші осы Қағидалардың 5-тармағына сəйкес ұсынған құжаттардың электрондық көшірмелерінің түпнұсқаларға сəйкестігін қамтамасыз етеді.

10. Уəкілетті орган ХҚО-дан электрондық өтінім келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде келіп түскен құжаттар топтамасын тексереді. Құжаттар тізбесі толық түспегені анықталған жағдайда ХҚО-ға осы Қағидаларға 7-қосымшаға сəйкес нысан бойынша жоқ құжатты көрсете отырып, ХҚО қабылдаған құжаттарды қайтару туралы хабарлама жібереді жəне электрондық өтінімді қарамастан құжаттар топтамасын қайтарады. Хабарлама уəкілетті органның ЭЦҚ-мен куəландырылады. ХҚО уəкілетті органнан хабарлама келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде анықталған қатені жояды жəне өтініш беруші түпнұсқада ұсынған өтініштің, құжаттардың жəне мəліметтердің электрондық көшірмелерін қамтитын құжаттарды қоса бере отырып, уəкілетті органға электрондық өтінімді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жəне (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынған электрондық құжаттар мен мəліметтерді жібереді.

11. Өтініш беруші кент, ауыл, ауылдық округ əкіміне жүгінген кезде өтінішті жəне осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелерін салыстырып тексеру үшін ұсынады. Кент, ауыл, ауылдық округ əкімі көшірмелерді түпнұсқалармен салыстырады жəне келіп түскен құжаттар топтамасын тексереді, оларды тіркейді, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары мен құжаттардың қабылданғаны туралы белгісі бар өтініштің үзбелі талоны өтініш берушіге қайтарылады. Уəкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ əкімі өтініш берушіден құжаттарды немесе электрондық өтінімді алғаннан кейін өтінішті осы Қағидаларға 8-қосымшаға сəйкес нысан бойынша мемлекеттік атаулы əлеуметтік көмекті тағайындау туралы азаматтардың өтініштерін тіркеу журналында тіркейді жəне өтінішке отбасының тіркелу нөмірін береді. Уəкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ əкімі өтінішті тіркеп, қабылдағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде қорытынды дайындау үшін оларды учаскелік комиссияларға береді. Өтініш беруші бір күнтізбелік жылдың ішінде қайта жүгінген кезде тексеру жүргізу өтініш беруші ұсынған мəліметтерді нақтылау қажет болған, сондай-ақ өтініш берушінің (отбасының) тұрғылықты жері (бір əкімшілік-аумақтық бірлік шегінде), отбасының құрамы мен табысы өзгерген жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Учаскелік комиссиялардың қызметі жергілікті өкілді органдармен келісілген жəне Қазақстан Республикасы Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 29-п бұйрығымен бекітілген нормативтік құқықтық актілер тізіліміндегі № 5562 болып тіркелген Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережеге сəйкес об- лыстар (республикалық маңызы бар қалалық, астананың) атқарушы органдары бекітетін учаскелік комиссиялар туралы ережелерімен бекітіледі. Учаскелік комиссиялар уəкілетті органнан немесе кент, ауыл, ауылдық округ əкімінен құжаттарды алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 9-қосымшаға сəйкес нысан бойынша ұсынылған құжаттардың жəне (немесе) өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайын тексеру (бұдан əрі - тексеру) нəтижелері негізінде қорытынды дайындайды жəне қорытынды дайындаған күні оны уəкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ əкіміне береді.

12. Тексеру өтініш берушінің, ал ол болмаған жағдайда - отбасының кəмелетке толған іс-əрекетке қабілетті мүшелерінің бірінің қатысуымен жүргізіледі.

13. Тексерудің мақсаты өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайын жəне өтініш берушінің атаулы əлеуметтік көмекке жүгінуіне байланысты мəн-жайларды зерделеу болып табылады.

14. Жүргізілген тексерудің нəтижелері бойынша учаскелік комиссия осы Қағидаларға 10-қосымшаға сəйкес нысан бойынша Өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайын тексеру актісін (бұдан əрі - тексеру актісі) жасайды, оған комиссия мүшелері қол қояды.

15. Учаскелік комиссия өтініш берушіні, ал ол болмаған жағдайда - отбасының тексеру жүргізуге қатысқан, кəмелетке толған іс-əрекетке қабілетті мүшелерінің біріне тексеру актісіне қол қойғызып, таныстырады.

16. Өтініш берушінің, ал ол болмаған жағдайда - отбасының кəмелетке толған іс-əрекетке қабілетті мүшелерінің бірінің тексеру жүргізуден бас тартуы учаскелік комиссияның барлық мүшелерінің қолы қойылған хаттамаға тіркеледі.

17. Кент, ауыл, ауылдық округ əкімі өтініш берушілерден келіп түскен өтінішті тіркеген күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей уəкілетті органға учаскелік комиссиялардың қорытындыларын қоса бере отырып, өтініш берушілердің құжаттарын тапсырады.

18. Өтініш берушіден қабылдап алынған өтініш уəкілетті органда тіркелген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданатын, осы Қағидаларға 11-қосымшаға сəйкес нысан бойынша атаулы əлеуметтік көмекті тағайындау не- месе одан бас тарту туралы шешімге басшы немесе оның міндетін атқарушы адам қол қояды. Уəкілетті орган атаулы əлеуметтік көмекті тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде өтініш берушінің жеке өзіне не ХҚО не кент, ауыл, ауылдық округ əкімі арқылы осы Қағидаларға 12-қосымшаға сəйкес нысан бойынша атаулы əлеуметтік көмекті тағайындау не тағайындаудан бас тарту жөнінде қабылданған шешім туралы хабарлама береді. Хабарлама уəкілетті органның ЭЦҚ-мен куəландырылады. Уəкілетті орган адамның (отбасының) жиынтық табысын Қазақстан Республикасы Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығымен бекітілген Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде №5757 болып тіркелген Мемлекеттік атаулы əлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу ережесіне сəйкес атаулы əлеуметтік көмекті тағайындау үшін жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанға есептейді.

19. Атаулы əлеуметтік көмекті тағайындау оны алуға жүгінген айдан бастап ағымдағы тоқсанның соңына дейінгі мерзімге жүзеге асырылады. Қоса берілген құжаттармен өтінішті берген ай, жүгінген ай болып есептеледі. Қаражат жетіспеген кезде атаулы əлеуметтік көмек өтініш тіркелген хронологиялық тəртіппен беріледі.

20. Атаулы əлеуметтік көмектің айлық мөлшерін уəкілетті орган жан басына шаққандағы орташа табыс пен облыстарда, республикалық маңызы бар қалада, астанада отбасының əрбiр мүшесіне немесе адамға есептелген кедейлік шегінің белгіленген айырмасы түрінде есептейдi.

3. Атаулы əлеуметтiк көмектi төлеу тəртiбi

21. Атаулы əлеуметтік көмекті төлеу алушының таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының тиісті түріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар ұйымдар арқылы жеке шотының реквизиттерін көрсете отырып, оның өтініші негізінде жүзеге асырылады.

22. Уəкілетті орган тағайындалған соманы алушылардың жеке шоттарына аударуды жергілікті бюджеттен қаражаттың келіп түсуіне қарай жүргізеді. 

***

Айта кетейік, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік қамтылуы, зейнетақы, жәрдемақы, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлердің  жалақысы, студенттердің шәкіртақысы, тұрғын үймен, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру мәселелеріне Елбасы ерекше назар аударып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында, 2015 жылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында, 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам - Ұлт жоспарында мемлекет саясатының осы бағытына басымдық беріледі.

«Біздің экспорттық шикізат ресурстарына бағаның құлдырауы бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы түсуін төмендетуге алып келуде. Бірақ, соған қарамастан, Үкімет алдына оңай емес, алайда, нақты міндет - барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр», - деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы.

Серпінді экономикалық өсім көптеген жылдар бойы бізге белсенді әлеуметтік саясат жүргізіп, адамдардың өмір сапасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Барлық жаһандық дағдарыстардың теріс ықпалына байланысты экономикамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамастан, біз әркез қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып келдік. Он жылда әлеуметтік салаға мемлекеттік шығындар нақты көрсеткіш бойынша 3 есеге жуық өсті. Әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқаруда жұмыс істейтіндердің саны 1,2 миллион адамнан асады. Мемлекет жәрдемақы мен төлемдердің үлкен көлемін қамтамасыз етуде. Оларды 1,5 миллионнан астам азамат алады.

«Экономикалық тәуекелдерге, жалпы, ештеңеге де қарамастан, біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда - 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі - 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын. Мұнда бюджет қызметкерлерінің түрлі категорияларына қатысты сараланған тәсіл қолданған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция  деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейміз. 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады. Бұл мақсаттарға қаржыны біз бюджеттік шығындарды оңтайландырғаннан кейін үнемдейміз. Осылайша біз еңбекақыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерімізді орындаймыз!

Мен барлық әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған жіктерге сөзімді арнамақпын. Біз мұқтаждарға қашанда көмек қолын созып келдік. Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілік бұрмаланбауы тиіс. Өйткені, әрбір әлеуметтік төлем - бұл жай бюджетке ғана емес, әрбір жұмыс істейтін қазақстандыққа қосымша салмақ. Әлеуметтік әділеттілік идеясы жұмыс істейтін қазақстандықтарға қатысты әлеуметтік әділетсіздікке айналмауы тиістігін нақты түсіну керек. Бұл - солардың ақшасы!

Бүгін де тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы  ғана  сыртқы сілкіністерге орнықты, тиімді экономиканың нақты негізі болуға қабілетті. Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырамын. Бағдарламаларды қаржыландыру көлемі 2009-2010 жылдары жүзеге асырылған осыған ұқсас Жол картасымен салыстырғанда ұлғайтылатын болуы тиіс. Бұл жергілікті инфрақұрылымдарды дамыту мен елді мекендерді абаттандыру жобалары есебінен еңбек рыногының тұрақтылығын қамтамасыз ететін болады. Кадрларды кең ауқымды қысқа мерзімді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру ұйымдастырылады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесиелеу кеңеюде.

Бүгін мен жаңа әлеуметтік саясат жасау міндетін қоямын. Мемлекеттің әлеуметтік саладағы рөлі әлсіз қорғалған азаматтарды қолдаумен және адам капиталына инвестицияларды қамтамасыз етумен шектелетін болуы тиіс. Атаулы әлеуметтік қолдау тек мұқтаж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде, көрсетілетін болады. Басқалар ақшаны өздері, өздерінің еңбектерімен табулары тиіс. Азаматтарымыздың жекелеген топтарының ерекше сұраныстарын ескере отырып, өмір сүрудің ең төменгі деңгейінің құрылымдарын қайта қарау және оның түрлі деңгейлерін белгілеу қажет. Үкіметке үш ай ішінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін оңтайландыру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын.

Еңбек ете алатындарға мемлекеттік қолдау тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысулары негізінде ұсынылатын болуы тиіс. Үкіметке әлеуметтік көмектің мұндай түрлерін 2017 жылдан бастап енгізуді тапсырамын. Әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәйкес, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыруымыз керек. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба - «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын. Үкіметке оны жасауға кірісуді тапсырамын», деп атап өтті Елбасы.

«Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды», деген болатын Мемлекет басшысы.

Тұтастай алғанда, Жолдауда ілгерілетіп отырған шаралардың барлығы нақты сипатқа ие және, әдеттегісінше, сенімді қаржыландырумен қамтамасыз етілген. 2014-2015 жылдары шағын және орта бизнесті дамытуға 1 триллион теңге бөлініп үлгерілген болатын. «Нұрлы Жол» бағдарламалары жобаларына - 2,7 триллион теңге. 2,7 триллион теңге Қазақстанға халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан бөлінді. Қытай Халық Республикасы 2,7 миллиард доллар көлемінде несие берілді. Тұтастай алғанда, осы Жолдау жобаларын жүзеге асыруға 7,5 триллион теңге тартылмақ. Осы қаржыларды тиімді пайдалану - Үкіметтің басты міндеті және жауапкершілігі.

«Қиындықтарды еңсеруде біз жалғыз емеспіз. Өзіміздің салмақты сыртқы саяси қызметімізбен біз бүкіл әлем бойынша көптеген достар таптық. Олар бізді қолдап келеді. Сіздер менің сапарларыммен әлемнің жетекші елдерінің көшбасшыларымен келіссөздерімнің куәгерлері болдыңыздар. ҚХР-мен 23 миллиард долларға шикізаттық емес сектордағы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл - 40-тан астам жаңа кәсіпорын салынады деген сөз. Лондон мен Парижге сапарларым да, экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан алғанда, табысты болды. Жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 11,5 миллиард долларды құрайды. Елімізге Ресей Президентінің сапары біздің дәстүрлі ізгі көршілестік қарым-қатынастарымыздың тұрақтылығы мен беріктігін  және экономикалық интеграцияның дамып келе жатқанын көрсетті. Жапония премьер-министрінің сапары инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтетін болады. Бізге тұңғыш рет «Тойота» концерні келіп, Қазақстанда автомобильдер шығарады», деді Елбасы.

Дүниежүзінде біз бастаған реформалар туралы, Жүз қадам туралы жақсы біледі және оларды қолдайды. Біз достарымыздың көңілін қалдырмауға тиіспіз. Бұл реформалар, мен аталған Жолдауда алға қойған олармен өзара байланысты міндеттерді орындау оңай болмайды, мүмкін, тіпті, ауыр соғуы ықтимал. Бірақ, оларға балама жоқ. Егер біз осының бәрін жасамайтын болсақ, онда әлемдік дамудан үмітсіз кейіндеп қаламыз. Бірақ біз, әдеттегідей, белгілегендеріміздің бәрін жасаймыз.

 

Экономиканың қарқынды дамуы еңбек қатынастарының жаңа түрін қалыптастыру үдерісіне айрықша назарды қажет етеді.

Осы мақсатпен Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексі қабылданды. Ол Халықаралық еңбек ұйымы мен ЭЫДҰ-ның еңбек стандарттарына негізделген. Еңбек шарты жағдайларын өзгерту ресімдері заңнамалық тұрғыда оңайлатылған, еңбек ұжымдарында өзін өзі басқару жүйесін енгізу бойынша шаралар, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің ұжымдық келіссөздері тетігі қарастырылған.

Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайды. Білім беру саласында мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Білім беру үш тілде - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін болады.

Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы (МИИДБ) жобалары үшін кадрлар даярлау деңгейін арттыру бойынша шаралар қабылданды.

Тұрғындардың денсаулығын сақтау саласындағы басты міндет - міндетті медициналық сақтандыруды енгізу. Арқаулық медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсетуде жеке сектордың үлесін ұлғайту есебінен бәсекелестік орта кеңейеді және денсаулық сақтау қызметінің сапасы артады.

Медициналық қызметтің сапасы бойынша бірлескен комиссия құрылатын болады.

Медициналық мекемелерде басқарудың корпоративтік моделін енгізу қарастырылған.

Сол сияқты мұқтаж тұрғындарға оның атаулы сипатын күшейту арқылы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін оңтайландыру жоспарланып отыр.

Мұндай көмек табыстары отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайыз төмен отбасыларына көрсетілетін болады. Сонымен бірге көмек алушылар жұмыспен қамтуға ықпал ету және әлеуметтік бейімделу бағдарламаларына міндетті түрде қатысатыны туралы әлеуметтік келісімшарт бекітеді.

Әлеуметтік көмек көрсетудің мұндай түрлері мен қағидаттары 2018 жылдан бастап енгізіледі.

Бүтіндей алғанда, жаңа әлеуметтік саясаттың аса маңызды қыры адам әлеуетін дамытуға инвестициялардың біртіндеп өсіп отыруына байланысты болмақ.

Қаржыландыру көлемін арттыра отырып, Жұмыспен қамтудың жол картасы өзекті етіле түседі. Оның бағдарламаларына қатысу еңбекке қабілетті халыққа қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтуге, өзінің біліктілігін арттыруға, шағын несие алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Жаһандық дағдарыстың ағымдағы ықпалына байланысты объективті қиындықтарды еңсеруге жағдай жасайды.

2017 жылы «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыру басталады. Оған қатысу, әсіресе, жас қазақстандықтарға олардың өмірлерінде кәдеге асатын арқаулық еңбек дағдыларын алуға жағдай жасайды.

 
Соңғы жаңалықтар