Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес тұрғын үйлерді жөндеудің маңызы зор - В.Дремасов, Орал қаласы әкімінің орынбасары

АЛ. 22 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елімізде 2020 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту жөнінде жаңа бағдарлама қабылданған болатын. Осы бағдарлама аясында Орал қаласында басында 18, қазір 23 тұрғын үйді жөндеу жоспарланды. Жаңа бағдарламаның жүзеге асырылу барысы туралы Орал қаласы әкімінің орынбасары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту жөніндегі жұмыс тобының төрағасы Владимир Дремасов былайша әңгімелеп берді.
None
None

-Бұл бағдарлама Елбасының Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауындағы ТҮКШ саласын жаңғырту және қуат шығынын төмендету мәселелеріне қатысты берілген тапсырмасына орай жасалды. Үкімет аталмыш бағдарламаны өткен жылдың 30 сәуірінде бекітті және ол 2011 жылдан бастап 2015 жылды қоса алғанда және 2016 жылдан бастап 2020 жылға есептелген. Бағдарламада басты назар тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге аударылған.

Бағдарлама бойынша Орал қаласында 1052 тұрғын үй нысаны жаңғыртылмақ. Бірінші тетік бойынша, яғни үйлерді толық кешенді жөндеуден өткізуді қаржыландыру бойынша оператор - «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Ұлттық компаниясы, екінші тетік бойынша Орал қалалық әкімдігі жанындағы «ОралҚұрылысЖөндеуСервис» МКК оператор болды. Бағдарламаның операторларының жарғылық капиталын толықтыру мақсатында республикалық бюджеттен 395 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді.

Бірінші тетік бойынша жөндеу жұмысына жұмсалатын қаржының 15 пайызын әр пәтер иесі ПИК-ке төлейді. Одан басқа қажетті қаржының қалғанын мемлекет қарызға береді. Бұл қаражат 10-15 жыл ішінде мемлекетке кері толықтай қайтарылуы керек. Бұл тетіктер кепілсіз, пайызсыз. Аз қамтылған және қоғамның әлжуаз топтарына мемлекет өзі көмектеседі. Оларға ортақ мүлікті жөндеу шығындарын төлеуге тұрғын үй төлемақысы беріледі.Биыл тұрғындардың жинақтары болмағандығы ескеріліп, аталған тетіктер жөнделетін үйлердің пәтер иелерінен алғашқы жарна жинамай-ақ жүзеге асты. Алдағы 2012 жылдан бастап алғашқы жарна төлеу міндетті болмақ.

-Мемлекетке қарызды қайтару мерзімін кім белгілейді?

-Мемлекеттік қарызға келсек, оны қайтару мерзімін бағдарламаның операторлар мен тұрғын үй иелері бірлесіп анықтайды. Содан кейін пәтер иелерінің жалпы жиналысының хаттамасы жасалады.

-Орал қаласында бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстары қалай басталды? Биылғы жылдың қорытындысы қандай болмақ?

-Бағдарламаны іске асыруға мамыр айының бірінші онкүндігінде кірістік. Әуелі көппәтерлік тұрғын үй тұрғындары арасында мемлекеттік бағдарламаның негізгі мән-маңызын түсіндірдік.Осы мақсатта қала әкімінің шешімімен жұмыс тобы құрылды. Әрине, көпшіліктің жаңалық атаулыны бірден түсініп, қабылдауы қиын. Тұрғындар бірден түсіністік танытқан жоқ. Басында пилоттық жобаға кірген 18 үйдің тұрғындары бағдарлама бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізудің қажеті жоқ, оны мақсатты қаржы жинау арқылы жасаймыз десті. Тұрғындармен жүздесіп, түсінік жұмыстарын жүргізудің арқасында пилоттық жобаға қатысушылардың жаңа тізімі жасалды.

Бүгінде, міне, бағдарлама шеңберінде бірінші болып күрделі жөндеуден өткен Молдағұлова көшесіндегі тоғызыншы үй мемлекеттік комиссияның қабылдауынан өтті. Тұрғын үйдің шатыры жөнделді, оның құрылыс-монтаждау жұмыстары 4 миллион теңге шамасында. Айта кетерлігі, жұмысшы комиссияның құрамында тұрғындардың өздері де болды. Қазіргі уақытта екі үйдің жөндеуі бітіп, (Молдағұлова, 9, Магистральная, 1) мемлекеттік комиссиямен қабылданды. Ал, жеті үй жұмысшы комиссияның қарауынан өтті. Мердігер жөнделген үй сапасына екі жылға кепілдік береді. Жобаға енген өзге үйлерде де жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарының барлығы екінші тетік бойынша «ОралҚұрылысЖөндеуСервис» арқылы жүруде. Ал, бірінші тетік бойынша «Орал» ӘКК арқылы жұмыстарды бастау үшін тендерлік үрдістер әлі аяқталған жоқ. Үйлерді кешенді жөндеуден өткізуге бес үй тілек білдірді. Үй жөндеу жұмыстары қыста да жалғасады. Биыл жоспарланған 18 үйге ғана емес, тізімге қосылған және бес үйге жүргіземіз. Жөндеу жұмыстары пәтер иелерінің келісіміне сай тұрғындардың жалпы жиналысының және мердігер құрылыс компаниясын таңдау жөніндегі хаттамалары негізінде жасалуда. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес белгіленген мерзімде аяқталады.

-Қалада тұрғын үйді жаңғырту жұмыстары бойынша мердігерлер тобы қалыптасты ма? Олар тапсырысты қалай алады?

-Мердігер компаниялардың рейтингі сол жөндеуден өткен үйлердің иелерінің берген бағалары негізінде қалыптасады. Жөндеуді кімге тапсыру керектігін тұрғындар өздері шешеді. Құрылысшылар құрылыс-монтаждау жұмыстарына тапсырысты пәтер иелерінің жалпы жиналысы хаттамасы бойынша алады.

-Бағдарламаны іске асыруда қандай кедергілер кездесіп отыр?

-Биыл өкінішке орай, тұрғын үй иелеріне терможаңғырту элементтерін (үй қабырғасы мен шатырының жылу сақтағыштығын жетілдіру, үй қаңқасының жылу техникалық сипатын жақсарту, автоматты жылу есептегіш құралын орнату) пайдалана отырып, жөндеу жұмыстарын жасаудың тиімділігін түсіндіре алмадық. Тұрғын үй иелері тек жөндеудің бір түрімен, төбе шатырын жөндеумен шектелді. Негізі бағдарламаның тағы бір көздеген мақсаты тұрғындардың коммуналдық төлемақы шамасын азайтуға бағытталған. Өйткені орнатылған жылу есептегіш құралдар күннің жылы -суықтығын ескеріп, қуат беруді өздері реттейді. Дамыған елдерде тарифтермен күреспейді, жылуды рәсуа қылуға қарсы шаралар алады. Жылу шығыны төмен болса, қожайын төлемді мейлінше аз төлейді. Бізде қызық, жылу далаға кетіп рәсуа боп жатады, кәсіпорын шығынға батып жұмыс істейді.Солтүстіктегі Швецияда бір шаршы метрге 82 ГКал болса, бізде ол - 270 ГКал. Айырмашылық қандай! Тағы бір кедергі - ол пәтер иелерінің кондоминиумды тіркеуден өткізуге құлықсыздығында. Сонымен қатар ЖПИК-тердің төрағаларының есеп беру жиналыстарына пәтер иелерінің қажетті санының қатыспауы ЖПИК жұмыстарының бетімен ктеуіне, қаржылық қызметінің бұлыңғырлығына жол ашады. Тәжірибеден көргеніміздей, биылғы тұрғындармен өткен 180 жиналыстың 145-інде жалпы тұрғын үй тұрғындарының 10-15 пайызы қатысты. Мұның өзі олардың белсенділігінің төмендігін көрсетті.

-Алдағы 2012 жылға жасалған жоспар қалай іске асады

-Үкімет аталмыш бағдарламаны іске асыруға 2012 жылы облысымызға республикалық бюджеттен бір миллиард 600 миллион теңге қаржы бөлуді жоспарлаған. Өзге өңірлерге қаржы қаралмаған. Біздің облысқа қомақты қаржы бөлетін себебі, бағдарлама бойынша жұмыстар басталды. Жұмысты осы қарқынына тайдырмауымыз керек. Түсінік жұмыстары барсында әлденеше рет айтқанымыздай, биылғы пилоттық жобаға қатысқан тұрғын үй жөндеу жұмыстары алғашқы жарнасыз жүргізілді. Өйткені бағдарлама бойынша үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын жасау және құрылыс-монтаждау жұмыстары құнының (екі тетік бойынша да) 15 пайызы тұрғындардан алдын-ала жиналуы керек. Алайда бағдарламаны тоқтатпас үшін біз әуелі жөндеу жұмыстарын жасап, алғашқы жарнаны содан кейін жинау жөнінде ұсыныс айттық. Алдағы уақытта мемлекеттің тұрғын үй қорын жақсартуға бағытталған жоспарын орындап, тұрғын үйлерді көбірек қамтып, жөндеп алуымыз керек. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалу тұрғындардың еркіндегі іс. Сондықтан күтімсіз, апатты, кіреберісі азып кеткен көп қабатты үйлерді күрделі жөндеп алудың тиімді бір-ақ жолы - осы бағдарлама. Бұл Қазақстан қалалары үшін ортақ мәселе болса керек. Қорыта айтқанда, жөндеуден өтіп, жаңарған үйдің қызмет ету мерзімі де ұзақ болады.

Соңғы жаңалықтар