Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыс өңірдің барлық ауданында жүргізілетін болады - Н.Ноғаев, БҚО әкімі

ОРАЛ. 6 қараша. ҚазАқпарат - Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылмай отырғандығын сынға алғаны белгілі.
None
None
Үкіметке, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар атына айтылған сыннан БҚО да тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, өңірде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының мүмкіндіктерін Қаратөбе, Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары пайдаланбаған. Осыған орай облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәлім еткеніндей, Елбасы сынынан кейін нақты шаралар жоспары жасалды. Өңірде аталған аудандар ғана емес, басқаларында да барлық мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру жұмыстары жалғасатын болады. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы қалада ғана емес, аудандарда да табысты жүруде. Бұл жөнінде Шыңғырлау ауданын үлгі етуге болады. Мұнда тұрғындардың белсенділігі сондай, қосымша қаржы бөлінуін сұрауда. Сондай-ақ Батыс Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту мүмкіндіктері мол. Айталық, Зеленов, Жәнібек аудандарында ірі қара малын бордақылау кешендері бар. Сонымен қатар келесі жылы Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылы маңында қой етін өңдейтін кешен салу жоспарлануда. Мұнда қабылданып алынған мал төлі өсіріліп, өнімдері облыстан тысқары жерлерге де шығарылады. Сол секілді «Қазагроқаржының» қолдауымен құс етін өңдейтін комбинат салу ойластырылуда. Қытайдан тиісті жабдықтары әкелінсе, жүнді де облыстың өзінде пайдаға асыруға болады. Елбасының екінші ескертпесі жылу есептегіш құралдарын орнату көрсеткішінің төмендігіне қатысты. Қазіргі кезде бұл 14-ақ пайызды құрайды. Бұл бойынша да жоспар жасалды. Келесі жылдың аяғына дейін 825 жылу есептегіш орнату көзделуде.
Соңғы жаңалықтар