Мемлекеттік бағдарламалардың бәрі де орындалуы тиіс - БҚО әкімі

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңесте өңір басшысы Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
Қаржының жұмсалу барысын үнемі бақылап, тиісті шаралар алып отырудың қажеттігін ескерткен облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жайына баса тоқталды. «Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларына сәйкес елімізде ауқымды бағдарламалар қолға алынды. Және ол бір ғана «Жұмыспен қамтудың жол картасы» ғана емес, өзге де бағдарламалар баршылық. Үдемелі инновациялық-индустриялық даму, өңірлерді дамыту және басқа бағдарламалар назардан тыс қалмауы керек. Әлемде, көршілес елдерде болып жатқан оқиғаларға қарамастан, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында аудан, қала, облыстық басқармаларға қыруар қаржы бөлінуде. Жолдар мен жаңа нысандар салынып, күрделі жөндеулер жүргізілуде. Бұл жұмыстарға жұмыспен қамту орталығы арқылы адамдарды көбірек тарту керек. Әрине, кәсіпорындар басшылары өз адамдарына сүйеніп, солармен шектелгісі келеді. Бірақ мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыс жасайтын кәсіпорындар жұмыссыз адамдарды да іске қосуы тиіс. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында бұл мәселенің бәрін де шешуге болады», деді әкім.