Мемлекеттік білім беру гранттарын бөлуде басымдық техникалық, педагогикалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына берілді

Комиссия құрамына ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы енгізілді.
Еске сала кетсек, конкурстық комиссия отырысында Қазақстанның жоғары оқу орындарына қабылдау бойынша үлкен дайындық жұмыстарының қорытындылары шығарылатын болады.
Жиынды ашып сөз сөйлеген министр, ведомство жыл ішінде студент контингентін іріктеу мен қалыптастырудың сапасын жоғарылату жөнінде бірқатар жүйелі шаралар қабылдағанын жеткізді. Сондай-ақ, Б. Жұмағұлов ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырыстың құрылымы қайта қарастырылғанын, мемлекеттік тапсырыс экономика сұранысы бойынша жақындатылғанын айтты.
«Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық басымдықтарына назар аударылды. Бұл, ең алдымен Елбасы жариялаған үдемелі индустрияландыру бағыты. Білім беру саласын жаңғырту мақсатында мемлекеттік тапсырыста педагогикалық кадрларды даярлауға ерекше орын бөлінді. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы да назарға алынды», - деді министр.
Айтылған басымдықтар ескеріле отырып, техникалық ғылымдар мен технологияларға 12 мыңға жуық, педагогикалық мамандықтарға 6600-ден астам орын, ауыл шаруашылығы мен ветеринарлық ғылымдарға 2630 орын бөлінді.