Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі салымшыларының саны 700-ге жетті - БҒМ

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі салымшыларының саны 700-ге жетті. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев мәлім етті.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі салымшыларының саны 700-ге жетті - БҒМ

Оның айтуынша, мемлекет азаматтардың білім алуында және оларды әлеуметтік қолдауда маңызды шараларды іске асыруда. Мемлекеттік тапсырыс көлемі де жыл сайын саны жағынан да, мөлшері жағынан да ұлғайып келеді. Мәселен, 2013 жылы мемлекеттік тапсырыстың жалпы саны 35 053 болды. Әртүрлі санаттағы азаматтар үшін де жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер берілген. «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі құрылды. Осы уақытта салымшылардың саны 700-ден асты», - деді ол.

Сондай-ақ вице-министрдің атап өтуінше, Қазақстанда жоғары оқу орындарын мемлекеттік аттестаттаудан тәуелсіз аккридиттеуге көшіру жүзеге асырылуда. Осыған орай аккредиттеу агенттігінің ұлттық тізімі құрылып, оның құрамына 6 агенттік кірген. Оның екеуі қазақстандық болса, 4-еуі - шетелдік.