Мемлекеттік хатшы алматылық 10 жасар баладан үлгі алуға шақырды
«Мемлекет басшысы айтқандай, патриотизм өз еліңе, ауылыңа, қалаңа деген сүйіспеншіліктен басталады. Біздің елде рухани, салауатты, адамгершілікті, өркениетті, Президент бастамаларын қолдайтын қоғам қарқынмен дамып келеді. Мәселен, үшінші сыныптың он жасар оқушысы Дәуіт Балтабаев Алматыда көрші ауланы жиналып қалған қоқыстан тазартты. Жас Дәуіттің ізгі амалы - көптеген үлкендерге үлгі», - деді Мемлекеттік хатшы.
Сондай-ақ, Ақтөбедегі «Туған жер» республикалық форумында Гүлшара Әбдіқалықова белгілі дипломат, қоғам қайраткері, Қазақстанның бірінші сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов туған қаласы Аягөзге ел Street Workout көше спортымен айналысуы үшін белтемір, қоссырық секілді тренажерлармен жабдықталған спорттық алаң тарту еткенін үлгі етті. Солтүстік Қазақстанның Ильичёвка ауылында кәсіпкер Сайран Жақыпов 15 млн теңгеге жаңа заманауи медициналық пункт салып бергенін айтты.
Оның сөзіне қарағанда, ақтөбеліктер туған өлкесіне қолдау көрсету бойынша алдыңғы қатарда келеді.