Мемлекеттік кірістер комитеті «Достық» кеден бекеті туралы дауға пікір білдірді

Бұған дейін әлеуметтік желіде «Достық» кеден бекетінен жүк алып өту үшін 1000$ пара беруің керек» деген ақпарат шыққан еді.
«ҚР Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылғы 23 қарашада «Достық-автомобиль» өткізу пунктінде «CargoRuqsat» платформасында электрондық кезек жүйесі іске қосылды. Автокөліктерді мемлекеттік шекара арқылы өткізудің дәстүрлі әдісіне қарағанда бұл жүйені енгізудің артықшылығы көп. «Достық-автомобиль» өткізу пунктінде электрондық кезек жүйесін енгізу кезінде Еуразиялық экономикалық одақтың басқа мемлекеттерінің тәжірибесі ескерілді», - деп жазылған Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми жауабында.
2022 жылғы 27 желтоқсанда электрондық рұқсаттамалар бойынша – 3 211 бос автокөлік кірген. Орташа алғанда, ҚХР-ға тәулік сайын 120 бос автокөлік өтіп жатыр, ал өткізу пунктінің инфрақұрылымдық өткізу қабілеті тәулігіне 70 автокөлікті құрайды.
«Алайда, делдалдық қызметпен ақша табатын кей адамдар (жүк тасушылар) электронды кезекті әдейі дискредитациялап, бекеттің өткізу қабілетін арттыруға барлық жағынан кедергі келтіруде. Сондай-ақ, «CargoRuqsat» электронды кезек жүйесінде тіркелмеген немесе мемлекеттік шекараны кесіп өту үшін кейінгі мерзімге тіркелген автокөліктер анықталады. Бұдан басқа, «Достық автомобиль өткізу пункті алдында жасанды түрде кезектер жасалады, заңды тіркелген автокөліктерге кедергі жасау әрекеттері байқалды», - делінген хабарламада.
Сонымен бірге, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың басшылары тұрақты негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, тасымалдаушылар мен сыртқы экономика қатысушылары үшін ақпарат чатқа жіберіледі. Бірлескен жұмысқа Достық көлік прокуроры, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің басшылығы, Достық ауылының патрульдік полиция бөлімінің басшылығы, Достық ауылдық округі әкімі аппаратының басшылығы қатысады.
«Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Достық ауылынан шекараға дейінгі трассада тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, әлеуметтік шиеленіс жоқ», - дейді Мемлекеттік кірістер комитеті.