Мемлекеттік кірістер органы қызметкеріне қылмыстық істі тоқтату үшін 3 мың доллар пара ұсынылған - ОҚО

Айта кетейік, мемлекеттік кірістер органының перспективалық даму бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шараларға лауазымды тұлғаларды кеңінен тарту болып табылады. Соның ішінде лауазым иелерінің 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны және 2015-2017 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету жөніндегі жоспарын іске асыруға қатысуы қамтамасыз етіледі. Осыған орай, мемлекеттік кірістер органдары өз қатарында жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында қызметкерлердің пара алуына апарып соғатын кез келген жолдың алдын алуға ерекше мән беріп отыр.
«Ағымдағы жылы қызметкерлердің мемлекеттік қызметтер көрсету және рұқсат беру функцияларын орындауы барысында пара алуға бейімділік танытқан бес жағдай анықталған. Мәселен, осы қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік кірістер департаменті ішкі қауіпсіздік бөлімінің қызметкеріне «О» есімді азамат тарапынан қылмыстық істі тоқтату үшін пара ұсынылған. Ол мемлекетке 155 млн. теңге шамасында залал тигізген жалған кәсіпкерлік фактісі бойынша ЖШС басшысына қатысты бұған дейін қозғалған қылмыстық істі тоқтатуға көмек бергені үшін 3000 АҚШ доллары көлемінде пара ұсынбақшы болады. Тура осыған ұқсас тағы төрт пара ұсыну фактісінің жолы кесілді», - делінген баспасөз баянында.
Тоқтала кететін жайт, ықтимал жемқорлықтың алдын алып, өздерін саналы түрде көрсеткен қызметкерлер комитет төрағасы тарапынан ынталандырылған.
«Комитет қызметкерлерге пара ұсыну арқылы оларды «сатып алу» талпынысының жолын кесу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейткенін атап өту қажет. Сондай-ақ, Комитет, мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғалары тарапынан да, кәсіпкерлік субъектілерінің тарапынан да құқыққа қайшы қызмет және қорқыту фактілері туралы сыбайлас жемқорлық сипаттағы ақпарат болған кезде комитеттің ішкі қауіпсіздік басқармасына (7172) 70 98 65 телефоны, (7172) 32 20 87, 70 99 51, 70 99 77 факс бойынша жүгінуге болатындығын хабарлайды», делінген баспасөз баянында.