Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру ел мүддесі үшін қажет - Ә.Серғалин

РАЛ. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елімізде 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес мемлекеттік басқару сапасын арттыруға ерекше мән беріліп отырғаны белгілі. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы - БҚО-дағы тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалинмен тілдескен еді.
None
None

- Әкімгерей Бексұлтанұлы, елімізде соңғы уақытта мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісін қалыптастыруда игі шаралар қолға алынып жатыр, алдымен осы жөнінде өз пікіріңізді айтсаңыз?

- Әрине, өткен он жыл ішінде қабылданған стратегиялық шешімдер Еліміздің дамуын жаңа деңгейге көтергені рас. Жаңадан қабылданған 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында мемлекеттік басқару сапасын арттыру үшін мемлекеттік қызметті реформалау және оны кәсібилендіру жұмысын тың қарқынмен жүргізу керектігі айқындалды.

Қазіргі таңда Қазақстанда қыркүйектің 1-інен екі бірдей пилоттық жоба өмірге енгізіле бастады. Біріншісі мемлекеттік қызметке қабылдаудағы екі кезеңдік конкурс болса, екіншісі - мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін бағалау жүйесі.

- Ендеше, осы екі бағытқа кеңірек тоқталсаңыз?

- Алдымен мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптардың жылдан-жылға қатая түскенін айта кету керек. Мәселен, заман ағымына сәйкес мемлекеттік қызметкерлер ақпараттық технологияны жетік меңгеруі, мемлекет пен қоғам мүдделерін қорғауда және халыққа қызмет көрсетуде өз біліктіліктерін көрсете білуі тиіс. Сондықтан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеуде конкурстық жүйені жетілдіру мәселелеріне көп көңіл бөлуде. Осы бағытта Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бос әкімшілік мемлекеттік қызметке екі кезеңдік конкурстық жүйемен қабылдаудың пилоттық жобасы жүзеге асырыла бастады. Бұл жобаның ерекшілігі мынада: бірінші кезеңде агенттіктің өзі конкурс жариялап, құжаттарды қабылдайды және үміткерлермен бірыңғай тест өткізеді, екінші кезеңде мемлекеттік органдар бос әкімшілік қызметке кадрларды осы бірінші сынақтан ойдағыдай өткен үміткерлерден таңдап алады. Тағы біз өзгешілік, тестіге 500-ге жуық психометриялық сұрақтар енгізілген. Мұндағы негізгі мақсат - Заңдарды білумен қатар болашақ мемлекеттік қызметшілердің көшбасшылық қасиетін, іскерлігін, біліктілігін, қиын жағдайға тап болғанда, өзін-өзі ұстай білу қабілетін тану. Келешекте үміткерлерді таңдағанда осы көрсеткіштер негіз болады деп ойлаймын. Ал екінші пилоттық бағдарлама орталық мемлекеттік және жергілікті атқару органдары жұмысының тиімділігін бағалау жүйесіне қатысты. Ол бір министрлікте, бір агенттікте және аймақтар бойынша Ақмола облысында қыркүйектің 1-інен басталды. Бұл мемлекеттік органдардың жұмысын жандандыру, тәжірибе алмасу мақсатында қолға алынып отыр. Баға беру кең ауқымды қамтиды. Ол аймақта стратегиялық мақсатқа қолжетімділік, Елбасының тапсырмалары және Жарлықтарының орындалуы, бюджеттік тәртіп, көрсетілген қызметтің тиімділігі, дербес басқару, ақпараттық технологияны қолдану бағыттары бойынша бағаланады. Тағы бір ерекшелігі, баға әділ берілуі үшін бұл жұмысқа дербес сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатыстырылады және әлеуметтік сауалнама жүргізілгенде азаматтардың көзқарас-пікірі есепке алынады. Ал қорытындысы ҚР Президенті Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесі, Экономикалық даму және сауда министрлігі өкілдерінен құралған сараптау комиссиясында қаралады.

- Ал, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қандай көрсеткіштер бойынша баға бермекші?

- Біздің агенттік екі критерий: атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсету және дербес басқару бағыттары бойынша баға береді. Егер мемлекеттік қызмет көрсетуге толығырақ тоқталсақ, ондағы басты мақсат - мемлекеттік қызмет көрсетудің бүгінгі деңгейін анықтау. Ол үшін мемлекеттік қызметтің сапасына, оның уақытында орындалуына, қолжетімділігіне, шағым беру шарасына, қызметкерлердің кішіпейілділігіне көп көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда, шынын айтсақ, халыққа қызмет көрсету деңгейі әлі өз дәрежесінде деу қиын. Азаматтардың мемлекеттік қызметкерлердің жоғары дәрежеде, сапалы қызмет көрсетуін талап етуі өте заңды, себебі олар - қызметшілердің жалақысын төлеушілер. Егер бұл қызмет жоғары деңгейде көрсетілсе, онда сол қызметкердің беделі де өседі, халықтың да сенімі артады.

Ал мамандарды басқару деңгейі алты бағытта бағаланады. Мұнда мемлекеттік қызметшілерді іріктеу, оқыту, біліктілігін жетілдіру, ынталандыру, Ар-намыс кодексінің орындалуы және сыбайлас жемқорлықтың деңгейі ескеріліп, қаперге алынады.

Бұл көрсеткіштер мемлекеттік органдарда атқарылып жатқан жұмыстардың негізінде және сол мекеме ішінде жүргізілген сауалнамамен бағаланады. Жаңа жылдан бастап Елбасының «Жыл сайынғы орталық мемлекеттік және облыстар, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқару органдары жұмысының тиімділігін бағалау жүйесі туралы» қаулысы күшіне енгенде, ол мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға серпін беретіні анық. Сонымен қатар мемлекеттік қызметті кәсібилендіру бағытындағы жұмыстар жандана түсіп, мұның мемқызметкерлердің жауапкершілігі мен іскерлігін көтеретініне септігін тигізетініне толық сенуге болады.

Соңғы жаңалықтар