Мемлекеттік қызметшінің мансаптық моделіне көшу 2016 жылдан басталады - С. Нұрбек
«100 нақты қадам» жоспарының ішіндегі мемлекеттік қызметкердің мансаптық моделіне көшу туралы мәселе - өте дұрыс шешім. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, әсіресе континетальды Еуропа елдерінде мансаптық модель - кәсіби, мамандандырылған, тереңдетілген мемлекеттік қызметкерді даярлауға бет бұрған модель.
Яғни, адам әуел баста «мен мемлекеттік қызметші боламын, менің кәсібім, менің мансабым - осы салада болады» деген шешімге келеді де арнайы жоғарғы оқу орнына түседі. Оқу орнын бітіріп, мемлекеттік қызметке кіреді. Яғни, бұл модель әскери модельден шыққан. Мысалы, әскери училищені бітіріп, лейтенант болып шығады. Ары қарай әскери қызметке кіріп, аға лейтенант, капитан, майор, сүйтіп генералға дейін өседі. Міне, мемлекеттік қызметтегі мансаптық модель осыған ұқсайтын болады», - дедi С. Нұрбек.
«Яғни, мемлекеттік қызметке бір кірген соң сіздің өсуіңіз бір жүйенің ішінде болады. Саты-сатысымен саяси лауазымға жетесіз. Бұл модельдің мықты жағы қандай дегенге келсек, біріншіден, адам талабын, өзінің өмірін, өзінің бүкіл ішкі дүниесін мемлекеттік қызметке арнайды. Екіншіден, соңғы уақытта тәжірибесі жоқ жастардың бірден жоғарғы лауазымдарға келуі қатты сынға алынып жүр. Ал, осы мансаптық модельдің ішінде бұндай мәселе шектелетін болады. Яғни, жоғарғы лауазымға келемін деген адам мемлекеттік қызметтің бүкіл сатысынан өтіп, тәжірибе жинап, пісіп барып келуі керек. Бұл өте жақсы бетбұрыс. Себебі, қазір мемлекеттік басқарудың рөлі - қоғамды басқаруда, экономиканы дамытуда өте үлкен рөл атқарады», - деп атап өттi сарапшы.
Оның айтуынша, мемлекеттiк қызметшілердің үздiксiз бiлiктiлiгiн арттыру тетiктерi де жолға қойылады.
«Мемлекеттік қызметші жыл сайын, күн сайын үйренуі керек. Яғни, өмір бақи оқуы керек. Басқа елдерге қарасақ, оқу, біліктілікті арттыру жұмыстың бір бөлігі болып кеткен. Мысалы, АҚШ-та жылына орта есеппен 15-20 күн мемлекеттік қызиеткердің оқуына кетеді. Прогрессивті, мықты мемлекеттік жүйесі бар мемлекеттерде кейбір қызметкерлер жылына 60-80 күнді оқуға арнайды. Ал бізде біліктілікті арттыру уақыты өте аз, қазір нақты цифрды айта алмасам да, салыстырмалы түрде алып қарасақ, бізде біліктідікті арттыру уақытын көтеру керек. Қазір «Мемлекеттік қызмет» туралы жаңа заң әзірленіп жатыр. Сол заңның ішінде барлық айтылған жаңалықтар, өзгерістер көрініс табатын болады. Заң 2016 жылдан бастап күшіне енеді», - деп түйiндеді ол сөзін.
Айта кетейiк, ҚР Президентi өзiнiң «100 қадам» Ұлт жоспарында мемлекеттiк қызметке қабылдау рәсiмдерiн жаңғыртуды, мемлекеттік қызметке қабылдау төменгi лауазымдардан басталуы тиіс деген болатын. Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу iскерлiк қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс екендiгiн де тапсырды. Сонымен қатар, үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу қажеттiгiн атап өттi.