Мемлекеттік лауазымға үміткердің қазақ тілін міндетті түрде білуі заңнамада реттелмеген - Агенттік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік лауазымға үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгеруі мәселесі заңнама деңгейінде реттелмеген. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшысының міндетін атқарушы Салауат Мүксімов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында осындай мәселе көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Қазіргі таңда мемлекеттік лауазымдарға үміткерлер үшін мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бойынша талап жоқ. Өйткені, мәселе заңнамалық деңгейде реттелмеген. Атап айтқанда, Конституцияның 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең дәрежеде орыс тілі ресми түрде қолданылады. Конституцияның 14-бабында ешкімді шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген басқа мән-жайлар бойынша кемсітуге болмайтындығы көрсетілген. Конституцияның 14-бабында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда шектелуге жатпайды (Конституцияның 39-бабы 3-тармағы). Конституцияның 33-бабы 4-тармағында республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар», - деп жазады Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшысының міндетін атқарушы Салауат Мүксімов.

Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болатынын айтады.

«Осыған қарамастан, Агенттік мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, 2021 жылы өткізілген Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуде үміткерлерге мемлекеттік тілді кем дегенде орта деңгейде (В1) меңгеру талабы енгізілді.

Бұл ретте, биыл үшінші рет ұйымдастырылуы жоспарланып отырған Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу кезінде де мемлекеттік тілді білу негізгі талап ретінде бекітілді. Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына жоғары оқудан кейінгі білім алушы үміткерлерге мемлекеттік тілді кемінде орта деңгейде (В1) білуі бойынша сертификаттарының болуы туралы талап енгізілді», - делінген жауапта.


Соңғы жаңалықтар