08:21, 27 Мамыр 2013 | GMT +5
Мемлекеттік мекеменің бастығы мен орынбасары түрменің құрылысына бөлінген 38 млн. теңгені жымқырды деп айыпталуда
ПАВЛОДАР. 27 мамыр. ҚазАқпарат - Павлодардың қаржы полициясы ҚР Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жанындағы республикалық-мемлекеттік кәсіпорындардың бірінің директор орынбасарына қатысты қылмыстық істі тергеуде.

Бұл туралы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Шенеунік бұрынғы химиялық зауыттың корпустарын ерекше тәртіптегі абақты ретінде қайта қалпына келтіру бойынша атқарылған жұмыстардің жалған актісін жасады және қазынаның 20 млн. теңгесін жымқырды деп күдіктеліп отыр.
Бұған дейін аталмыш кәсіпорынның директорының үстінен қылмыстық іс қозғалған-ды. Ол зауыт корпустарын түрме ретінде қайта жасақтау жолында тындырылған жұмыстардың жалған актісін жасап, 2005-2008 жылдар ішінде 18 млн. теңгені қалтаға басты деп күдіктелуде. Оған қосымша қызметтік жалғандық фактілері бойынша айыптар тағылуда.
Қылмыстық істер бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде.