Мемлекеттік награда - төккен тер мен еңбектің лайықты бағасы - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік награданың маңызы зор, ол төккен тер мен еңбектің лайықты бағасы.
None
None

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін азаматтардың үлкен бір тобын мемлекеттік наградалармен марапаттау барысында осылай мәлімдеді. «Биыл Тәуелсіздігіміздің 23 жылында қыруар шаралар атқардық. Бұның барлығына өздеріңіз де куә болып, қатынасып келесіздер. Біз мемлекет құрдық, экономиканы түзедік, Қазақстанды дүниежүзіне таныттық. Әлеуметтік жағдайда, білімде, өнерде де көптеген жетістіктерге жеттік. Алдымызға қойған мақсаттарды орындап келеміз, бұның бәрі халықтың, еліміздің ерен еңбегінің арқасы», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бүгінгі награданың маңызы зор екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Тәуелсіздік күні қарсаңында 1,5 мыңға тарта адам марапатталып отыр. «Біз еліміздің ең үлкен мейрамы қарсаңында үздіктердің үздігін мемлекеттік наградалармен марапаттаймыз. Жыл сайын барлық салада, экономикада, саясатта, мәдениетте біздің жетістігіміз еселеніп келеді, бұл да барлық қазақстандықтардың еңбегі. Бүгін наградаға ие болғандардың барлығы өз ұжымдарында сый-құрметке ие болып, кәсіби шеберліктерімен беделге ие болған тұлғалар. Ал мемлекеттік награда - бұл сол еңбектің бағасы», - деді Елбасы.

Бұдан бөлек, Президент Н. Назарбаев Айман Мұсақожаеваны «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен ерекше құттықтап өтті. «Айман өзінің өнері арқылы халқымызды бүкіл әлемге танытты. Көп мемлекеттер Айманды қошеметпен қарсы алды. Ол өнерді шебер меңгеріп қана қоймай, қайраткерігімен де ерекшеленеді. Мен Астананы алғаш ауыстырғанда елорданың өнер ордасына да айналғанын қаладым. Сол кезде ең бірінші болып Астанаға марқұм Әзірбайжан Мәмбетов, екінші болып Айман Мұсақожаева қақаған қыстың суығына қарамай келген болатын. Кішкентай ғана училищеден мектеп ашып, сол жерде оқу орнын құрды. Содан бері көпсалалы еңбек етті. Одан бері Өнер университетін де аштық. Бұның бәрі ескерусіз қалған жоқ, әлде де атқаратын шаруалары аз емес», - деді Н. Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар