Мемлекеттік органдар қызметкерлерді өздігінен штатқа ала алмайды - Мемлекеттік қызметтің жаңа тұжырымдамасы

Бүгін Астанадағы «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалында партия белсенділері мен мемлекеттік қызметкерлер қатысқан «Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісін жетілдіру» атты тақырыпта өткен «дөңгелек үстел» отырысы барысында Астана қаласы бойынша мемлекеттік қызмет жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Ерлан Әбен конкурсқа қатысты жаңа ерекшеліктерді айтып берді.
«Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі бойынша, мемлекеттік органдар қызметкерлерді ҚР Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттігінен сұратып қана штатқа ала алады. Агенттік лауазымға сәйкес келетін қызметкерлерді өзі таңдайды. Мемлекеттік органдар нақты бір тұлғаны сұратуға құқығы жоқ», деп атап көрсетті ол.
«Бұрындары конкурс жарияланатын. Бірақ конкурссыз-ақ бұл лауазымға кім келетіні алдын ала белгілі болатын. Енді мемлекеттік органдар өздігінен қызметке тағайындай алмайды. Кадрларды Агенттік айқындап беретін болады», дейді Е. Әбен.
Е. Әбен, бұл өз кезегінде адамдардың жұмысқа орналасуға деген тең құқылы жағдайдын қамтамасыз етеді деп отыр.
Осы өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметке байқау өткізу жергілікті немесе орталық атқарушы органдары емес, ҚР Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттігімен жарияланатын болмақ. Сынақтар агенттігінің жергілікті жерлердегі басқармалармен жасалса да, мәліметтер базасы осы орталық агенттікте жинақталады.
ҚР Орталық мемлекеттік органдары Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес жасақталды. Қазір ол талқылау кезеңінде жатыр. Сонымен қатар Е. Әбеннің айтуынша, бұл тұжырымдама негізінде жасалған жаңа тетіктер Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарының тәжірибелеріне енгізілген.