Мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін қысым төмендеп келеді
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша соңғы 2 жылда елде кәсіпкерлік қызмет жағдайын түбегейлі жақсарту бағытында бірқатар шаралар қабылданған болатын.
Кәсіпкерлікті дамыту және мемлекет пен бизнес арасында өзара әріптестік қарым-қатынас орнату мақсатында «анықтау мен жазалау» саясаты «ескерту және адал кәсіпкерлікті қолдау» саясатына ауысты. Осылайша қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастыру үшін қажетті жағдай жасалынды.
Жекеменшік кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылау және қадағалау төрт топқа бөлінген:
1) оларға қатысты жоспарлы тексерістер жүргізілетін тексерілетін субъектілер (нысандар). Бұл топ қызметтің ең қауіпті түрлерінен тұрады (атом энергиясы, қару, есірткі құралдары, прекурсорлар, улар, өнеркәсіп айналымы, эпидемиялық тұрғыдан маңызды объектілер және басқа да осыған ұқсас салалар), оларға қатысты тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерістер жүргізудің (жоспарлы тексеріс) ерекше тәртібі, жоспардан тыс тексеріс және бақылау мен қадағалаудың өзге де формалары қолданылады;
2) оларға қатысты тәуекелдерді бағалау жүйесі негізінде таңдамалы (жеке кәсіпкерлік субъектілері ұсынатын есептілікті талдау), жоспардан тыс тексерістер және бақылау мен қадағалаудың өзге де формалары жүргізілетін тексерілетін субъектілер (нысандар);
3) оларға қатысты анықталған бұзуларды жою туралы ұйғарымның орындалуын бақылау, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік заңды мүдделеріне залал келтіру қаупі туралы не болмаса, залал келтірудің нақты деректері бойынша прокуратура органдарының тапсырмалары, өзге де мемлекеттік органдардың өтініші негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізілетін тексерілетін субъектілер (нысандар);
4) оларға қатысты тексерістер жүргізусіз бақылау мен қадағалаудың тек өзге формалары ғана жүргізілетін тексерілетін субъектілер (нысандар).
2015 жылы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде тексерілуге тиіс талаптар қысқартылды.
Мәселен, 2016 жылы бизнеске қатысты 101 019 бақылау тексеруі жасалды, ол тексерулер саны 183 503-ті құраған 2013 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 45%-ға аз. Осылайша, бизнестің құқықтық алаң шеңберінде ғана жұмыс істеуге мүдделі болуы үшін бизнеске барынша жағдай жасалуда, бұл ретте біздің кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмысымыз жалғаса бермек.
Сонымен бірге, 2016 жылы Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларына ревизия басталды. Ревизия мынадай бағыттар бойынша жұмыс жүргізді:
1) бақылау-қадағалау салаларын 10 %-ға азайту - 13 қайталанатын бақылау саласын алып тастау ұсынылған;
2) бақылау салаларының 20%-ын тексеру жүргізудің жалпы тәртібіне ауыстыру - әзірге 3 бақылау саласын ауыстыру ұсынылған;
3) тексеру парақтарында кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптарды қысқарту және ретке келтіру - 80-нен астам тексеру парағындағы талаптарды оңтайландыру ұсынылған.
Ревизия кәсіпкерлік субъектілеріне бақылаушы мемлекеттік органдар тарапынан қысымды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік бақылау мен қадағалау заңнамасын жетілдіруді қамтамасыз етеді. Бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы құрамдағыштарды алып тастауға жәрдемдеседі, сондай-ақ елде кәсіпкерліктің дамуына жаңа түрткі болады.