Мемлекеттік органдарда азаматтардың арыз-шағымдарын қарауға қатысты жұмыстар дұрыс жүргізілмейтіні анықталды

АҚТАУ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Облыс прокурорлары арнайы тексеру барысында мемлекеттік органдарда азаматтардың арыз-шағымдары бойынша өткен жылы дұрыс жұмыс жүргізілмегенін анықтады.
None
None
Заңға сәйкес арыз-шағымдар түскен күннен бастап есептегенде 30 күн ішінде қаралып, оған жауап берілуі керек. Алайда, көптеген мекемелерде осы және өзге де заңдардың талаптары орындалмай келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Арыз-шағымдарды қараудың ұзаққа созылып кетуі барлық мемлекеттік мекемелерде орын алған. Мәселен, өткен жылы ақпанның 28-інде ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі аймақаралық жер инспекциясына арыз берген О. Өлкебаев есімді азаматқа тек 40 күннен кейін ғана, яғни сәуірдің 8-інде хат түріндегі түсініктеме жіберілген. Арыз-шағымдарды қарау мерзімі бойынша заң бұзушылықтар Маңғыстау облыстық, Қарақия, Мұнайлы, Бейнеу аудандық әкімдік аппараттарында орын алған. Облыс әкімдігі аппаратынан азамат К.Мырзағалиевке тек 74 күн өткеннен соң жауап берілген. Түпқараған ауданы бойынша бір азаматтың арыз-шағымы 6 ай бойы қаралғаны туралы да фактілер тіркелді. Тағы бір анықталғаны, мемлекеттік орындарда арыз-шағым беруші адамға, оны қабылдап алған қызметкердің аты-жөні, қызметі мен сол күнгі дата және уақыты көрсетілетін талон берілмейтін болып шықты. Сондай-ақ азаматтардың арыз-өтініштерін қайта бағыттау да өз уақытында орындалмаған. Мемлекеттік тіл туралы заңның да бұзылғаны осы тексерулер кезінде мәлім болды. 19.03.2008 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Г. Сейтмағанбетованың облыс әкімдігі аппаратына қазақ тілінде жазылған хатына орыс тілінде жауап қайтарылған. Сонымен қоса кейбір арыз-шағымдар бойынша келген жауаптардың орындалуы аяқсыз қалып отырған. Мәселен, азамат С.В. Дмитриенконың арызына сәйкес «АУЭС» МКК жұмысшыларының сапасыз қызмет көрсетуі салдарынан жанып кеткен электр құрылғыларына 12000 теңге көлемінде залалды өтеу туралы жауап келгенімен ол іс жүзінде орындалмаған. Өздеріне келген арыз-шағымдарды мүлдем жауапсыз қалдыратын мекемелер қатарында облыстық денсаулық сақтау департаменті, «ТВСиВ» МКК, т.б бар. Тексеру нәтижесінде прокурорлық 35 акт енгізіліп, қазіргі уақытта 33 қызметтегі тұлға түрлі дәрежедегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Соңғы жаңалықтар