Мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігі оның нәтижесінен көрінеді – Әлихан Смайылов
«Бүгінде IT экономиканың барлық саласындағы басым міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай цифрлық технологиялардың экономикадағы үлесін 2 есе арттыру туралы тапсырма берді. Сол сияқты ақпараттық технологиялар пайдасының жалпы ішкі өнімдегі үлесін 1 пайызға жеткізу керек. Сондықтан да Президент жүктеген міндет барлық мемлекеттік орган және салалық ведомстволардың даму жоспарында айқын көрініс табуы тиіс», - деді Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы вице-министрлердің жеке жауапкершілігін арттырып, өнімді жұмыс істеуді тапсырды.
«Министр мен қоса оның орынбасарлары цифрландыру бойынша барлық іске белсенді қатысып, мәселені бақылауда ұстау керек. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, уақытылы шешім қабылдауы мен тиімділігі жұмыс нәтижесінен көрінеді», - дейді ол.
Бұған дейін Әлихан Смайылов қазақстандықтардың жеке мәліметі қауіпсіздігін қамтуға ерекше мән беру керектігін ескерткен еді.
Одан бөлек, қауіпсіздік бойынша Премьер-Министр қозғаған тағы бір мәселе - мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесі. Былтыр олар 500 рет істен шыққан.