Мемлекеттік рәміздер - еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі
Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаћармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Бұл туралы БҚО Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары, ақын Закария Сисенғали мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, республикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді, дейді батысқазақстандық ақын. Ал 2005 жылы шын мәнінде еліміздің халықтық Гимні қабылданды. Бабалардың ғасырлар бойғы арманы - «Менің Қазақстаным» деген құдіретті әуен елімізді ұлы болашаққа асқақтатып барады.
Осының бәрі - Қазақстанның жаңа тарихының қастерлі беттері. Оның қасиеттілігі сол, Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады.
Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары қалыптасады.
1992 жылғы маусымның 4-інде алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде еліміздің тарихында мәңгі қалды.
Қазақстан байрағы қазір әлемнің басқа да тәуелсіз мемлекеттерімен бірге БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штабы пәтерінде желбіреп тұр. Ел әнұраны олимпиада ойындарында Қазақстан спортшыларының құрметіне шырқалды. Елтаңбамыз ұлттық теңгенің басып шығарылған банкнотында бейнеленген. Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да болып қайтты.
Осының бәрі - тарих. Нақ осы мемлекеттік рәміздер - біздің егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Олар Отан тәуелсіздігінің қасиетті, біріктіруші бейнесін танытады.
«Мемлекеттік рәміздер» атты фильм түсірілді. Фильм «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарында көрсетілді. Бұл кинолентада тәуелсіздігімізді паш ететін Отанымыздың Туы, Елтаңбасы, Әнұраны жөнінде жеке-жеке айтылып, рәміздердің қабылдауына себеп болған ұлттық таным мен олардағы салт-дәстүрлік ерекшеліктерге жан-жақты түсінік берілді.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік туының авторы - суретшi Шәкен Ниязбеков. Бiрыңғай көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Ежелгi түркi тiлiнде "көк" сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотик тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн - қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн - уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс - бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi.
Елтаңба - Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Рәмiздiк тұрғыдан Қазақстан Республикасы мемлекеттік гербiнiң негiзi - шаңырақ. Ол - гербтiң жүрегi. Шаңырақ - мемлекеттiң түп-негiзi отбасының бейнесi. Шаңырақ - күн шеңберi. Айналған күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi. Шаңырақ - киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Тұлпар - дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар - қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол - ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол - өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Бес бұрышты жұлдыз гербтiң тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының авторлары - Ж.Мәлiбеков пен Ш.Уәлиханов.
Кез келген халықтың тарихында музыкалық шығармалары бар. Ол тарихтың белгілі бір уақытында сол жұрттың гимні болған. Мұндай әндер қазақ халқында да көп. Соның бірі - жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының ауыр тауқыметін көрсетуге арналған «Елім-ай» әні. Осындай бір екінші ән - «Менің Қазақстаным». Бұл шығарма Қазақстан КСРО құрамында болған тұста қазақтың намысын қайрау мақсатында өмірге келді. Ақын Жұмекен Нәжімеденов пен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық бірлестігінен туындаған «Менің Қазақстаным» шын мәнінде қазақ халқының рухын көтерген, келер күнге деген сенімін арқалаған ресми емес гимн болды.
Тарлан тарих араға жылдар салып оны мемлекетіміздің ресми Әнұранына айналдырды. Осы тұста тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева мәтін сөздерін жазған алғашқы Әнұранымыз өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарғанын әділдік үшін айта кету керек.
Ал заман талабына сай 2006 жылғы қаңтардың 6-сында Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілгеннен кейін, арада төрт күн өткесін, яғни қаңтардың 10-ында «Менің Қазақстаным» ресми Әнұран болып бекітілді. Сөйтіп, бұл күн тарихқа еліміздің жаңа гимнінің туған күні ретінде жазылды. Әуенін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған Әнұранның сөзін уақыт өлшемімен үндестірген бірлескен автор - еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
«Біз, Тәуелсіз Қазақстанның азаматтары бұл күндері бүкіл еліміз болып сүйікті Гимнімізді шырқаймыз. Туымыз бен Елтаңбамызды мақтан етеміз.
Біз болашақта бұдан да бай, қуатты елде өмір сүретінімізге сенімдіміз. Ендігі тілек бәріміздің жүрегіміз Отан деп соғып, Тәуелсіздік туы желбірей берсін. «Менің Қазақстаным» атты ұлы Гимн әрбір қазақстандықты бірлік пен татулыққа үндей берсін. Тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз бостандықтың, жарқын өмірдің символы бола бергей», деп қорытты ойын З.Сисенғали.