Мемлекеттік рәміздер еліміздің егемендігінің берік негізі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі мемлекеттік рәміздер болып саналады. Ал еліміздің рәміздері Мемлекеттік туымыз, Мемлекеттік елтаңбамыз және Мемлекеттік әнұранымыз. Олар Тәуелсіз қазақ елінің мемлекеттігінің, егемендігінің берік негізі десек болады. Бүгінгі күні елімізде 4 маусым күні Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Өйткені, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы дәл осы күні қабылданған еді.
None
None

Қазақстан тәуелсіздік алған сонау 1991 жылдың өзінде-ақ бірден мемлекеттік рәміздерді дайындау ісін қолға алынып, бір жылдан кейін ҚР-ның жаңа мемлекеттік рәміздерін дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы Жоғарғы кеңес төралқасының арнайы қаулысы жарық көрді. Соған сәйкес комиссия құрылып, оның құрамына елімізге есімі белгілі С.Әбділдин, С.Зиманов, С.Әбдірахманов, Е.Шәймерденов сынды азаматтар кірді. Осыдан кейін Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларына байқау жарияланып, бұл іске еліміздің талантты қылқалам шеберлері, сазгерлер мен, ақындар белсене қатысып, өз жобаларын ұсынды. Мәселен, Мемлекеттік Туымыздың байқауына 600 адам қатысып, олар 1200 жоба, Мемлекеттік Елтаңбамызға 245 жоба, ал Мемлекеттік Әнұранымызға 750 жоба ұсынылған.

Жалпы, еліміздің Мемлекеттік туын да, Елтаңбасын да, Әнұранын да дайындауда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі қомақты болғаны сөзсіз. Мұны осыдан біраз жыл бұрын Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі, ҚР тұңғыш Мемлекеттік рәміздерін әзірлеу жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы қызметін атқарған марқұм Ербол Шаймерденұлы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында жазған болатын. «Бірде Президент академик С.Зиманов басқарған ту жобаларын талқылайтын кіші жұмыс тобының кезекті отырысына келді. Ешкім де мұны күте қойған жоқ еді. Тосын болды. Бәріміз де абдырап қалдық. Бірақ біраздан соң-ақ жайланып сала бердік. Өйткені, Елбасы жұмыс тобы мүшелерімен бірге жобаларды талқылауға емін-еркін араласып кетті. Сол жолы Президент ықпалымен айқындалған бір маңызды мәселе тудың түсіне қатысты тұжырым еді. Президенттің белсенді қатысуымен өткен бұл кеңесті қазір тарихи жиын деуге де болар еді. Мемлекеттік тудың негізгі элементі - түсі туралы онда ортаға салынған ойлар осы орайдағы ресми тұжырымдамалық көзқарастың қалыптасуына игі ықпал етті», - деп жазған еді автор.

Сонымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы - Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Елбасының Мемлекеттік елтаңбаны әзірлеу ісіне де атсалысқаны жоғары да атап өткен автордың мақаласында баяндалған болатын. Онда автор: «Елбасы тұңғыш тәуелсіздік рәміздерінің төл тарихи тамыры тереңнен бой тартуын, ұлттық болмысы анық та айшықты болуын қалады. Елтаңба жобасында терең мағыналы, кезінде Алаш ардагерлерінің де назары түскен шаңырақ бейнесінің жарасым тапқанына шын қуанды», - деп жазады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы - дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде - бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу - алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары - белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Еліміздің әнұраны 2 мәрте қабылданды. алғашқы әнұранымыздың сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазған болатын. Алайда 2000 жылдары Елбасымыз әнұранды ауыстыру мәселесін көтерген еді. Арада біраз жылдар өткеннен кейін, яғни 2006 жылдың 6 қаңтарында елімізге танымал «Менің Қазақстаным» әні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанның әнұраны ретінде Парламентте бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Музыкасы - композитор Шәмші Қалдаяқовтікі, сөзі - Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтікі.

Соңғы жаңалықтар