Мемлекеттік рәміздер - халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын жеткізетін ерекше құнды белгілер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің ең басты белгілерінің бірі оның өзіне ғана тән мемлекеттік рәміздерінің болуы екендігі сөзсіз. Қазақстан кеңестік заманнан бөлініп шығып, тәуелсіз қазақ мемлекеті болып жеке шаңырақ көтергеннен кейін араға бір жыл уақыт салып 1992 жылдың 4 маусымында өзінің рәміздерін, яғни Туын, Елтаңбасын және Әнұранын қабылдаған болатын. Ал, Отанға сүйіспеншілік, ел тарихына сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен басталатындығы анық. Өйткені, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның рәміздері болашағымыздың, еліміздің орнықты, оң үдерісте дамуының ерекше белгілері.
None
None

Осыдан 8 жыл бұрын «Нұр Отан» партиясының Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 15 жылдығына орайластырылған «Менің Қазақстаным» жалпы республикалық жастар форумына қатысқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік рәміздер - еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар екендігін баса айтқаны есте. «Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Мемлекеттік рәміздер - халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатып тұр. Елдік таңбаға тоқталар болсақ, қазақ көсемдерінің Ұлытаудағы жақпар тастарға бірліктің бітімі ретінде өз таңбаларын қалдырғаны жөніндегі тарихи оқиға баршаға мәлім. «Таңбалы тас» аталатын осы орын бүгінде де тағзым етер қасиетті жер. Біздің бүгінгі елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, республикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Көк тудың желбірегені...

Еліміздің көк байрағы - Қазақстан Республикасының мемлекеттік негiзгi рәмiздердiң бiрi. Ол ҚР Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәмiздерi туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығымен белгіленген. Мемлекеттік ту көгiлдiр түсті тік бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннің астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста - ұлттық оюлармен кестеленген тік жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек - алтын түсті. Тудың ені ұзындығының жартысына тең. ҚР мемлекеттік туының авторы - суретші Шәкен Ниязбеков. Бірыңғай көк-көгiлдiр түс төбедегі бұлтсыз ашық аспанның биік күмбезін елестетеді және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде - көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келеді. Ежелгі түркі тiлiнде "көк" сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшін қасиетті ұғым. Түркі және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн - қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн - уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс - бар нәрсенiң бастауындай, билік, айбындылық бейнесі. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР-ның еркiндiк сүйгіш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.

Елтаңба елдік белгісі

Ал Елтаңбамыздың авторлары - Жандарбек Мәлiбеков пен Шота Уәлиханов. Елбаңбамыз да Елбасымыздың «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы» конституциялық заңды күшi бар Жарлығымен белгiленген. Рәмiздiк тұрғыдан ҚР мемлекеттік елтаңбасының негiзi - шаңырақ. Ол - елтаңбаның жүрегi. Шаңырақ - мемлекеттiң түп-негiзi - отбасының бейнесi. Шаңырақ - Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, Шаңырақ - киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Тұлпар - дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар - қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Бес бұрышты жұлдыз елтаңбаның тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар.

Әнұраным - айбыным

Енді әнұранымызға тоқталар болсақ, 1992 жылы республика әнұранының әні мен мәтініне байқау жарияланды. Тұңғыш Қазақстан әнұран әнінің авторлары - Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди болды. Дегенмен 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды. Бақытты тағдыры өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысынан басталған халық арасында кең танымал патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды. Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік әнұранның авторлары - Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Алғашқы рет Қазақстан Республикасының жаңа Әнұраны «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылдың 10 қаңтарда Президент сайлауында жеңіске жеткен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ұлықтау рәсімінде орындалды.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік рәміздерді қадірлеу тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы.

Соңғы жаңалықтар