Мемлекеттік рәміздер стандарттарына өзгерістер енгізілмек
Шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК, мемлекет тарихы институтының және қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілдері қатысты.
«Тәуелсіздік алған алғашқы күндерден-ақ Мемлекет басшысы ұлтаралық келісімді, бірлік пен ішкі саяси тұрақтылықты Қазақстанның негізгі басымдықтары етіп белгіледі. ҚР Конституциясы «Біз Қазақстанның біртұтас халқымыз» деп басталады. Біз қазақстандықтармыз, мемлекеттік рәміздер де бәрімізге бірдей. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге деген құрметте де бөлінушілік болмауы керек», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева. «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Техникалық нормалау басқармасының сараптау бөлімінің басшысы Евгений Цхай мемлекеттік рәміздерді қолдануды бақылау туралы мәселелерді тілге тиек етті. Бөлім басшысы тексеру барысында түрлі ұйымдардағы мемлекеттік рәміздердің қабылданған стандарттық талаптарға сәйкес келмейтіндігі фактілерінің анықталып жататынын атап өтті. «Сырттай бақылау, эталонмен салыстырудың тестілеу әдістемелері, түстердің сәйкес болуын құралдық бақылау әдістері енгізілді. Сонымен қатар өндірушілерді әлдеқайда сапалы өнім шығаруға міндеттейтін кепілді мерзім белгіленді», - деді ол. Техникалық нормалау басқармасы басшысының айтуынша, мемлекеттік рәміздер стандарттарына өзгерістер енгізілмек. Отырыс барысында жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және өскелең ұрпақтың бойында мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын насихаттау мәселелеріне де көңіл аударылды. Нәтижесінде комиссия қарауына мемлекеттік рәміздерді қолдану нормаларын өзгерту, мемлекеттік рәміздерді құрметтемегені үшін айыппұл санкцияларын күшейту және жастар арасында мемлекеттік рәміздерді насихаттау сынды бірнеше өзекті мәселелер шығарылды. Келелі кеңесті қорыта келе, қала әкімінің орынбасары әр адамның егемендігіміздің және тәуелсіздігіміздің жарқын белгісі - мемлекеттік рәміздерді құрметтеуі тиіс екенін жеткізді.