Мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығы әрбір қазақстандықтың патриотизм мен елге деген мақтанышын оятатын мерекеге айналуы керек - М. Құл-Мұхаммед

Бүгін Ақордада өткен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның отырысы барысында жиынға төрағалық еткен ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлімдеді.
«Мемлекеттік рәміздер еліміздің ең киелі құндылықтары. Сондықтан да, Елбасы Н. Назарбаев өз сөзінде «Біз Тәуелсіздігіміздің рәміздерін көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туы, Елтаңбасы, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар біздің ең киелі құндылықтарымыз» деп атап өткен болатын. Ендеше Елбасының осы ұстанымын мектеп оқушыларынан бастап, ардагер азаматтарымызға дейін өзінің ұдайы басты назарында ұстауы керек. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен оны насихаттау мемлекеттік саясатымыздың басым бағыттарының бірі әрі солай болып қала береді», - деді Мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар, М.Құл-Мұхаммедтің айтуынша, мемлекеттік органдар заң бұзушылықтар бойынша БАҚ, қоғамдастық өкілдерінің немесе депутаттардың қалай әрекет ететінін күтіп отырмауы керек. Олар заңнама нені талап етсе, соны жасауы қажет. Әдістемелік көмек көрсетіп, мониторинг пен бақылау жүргізулері керек. Заң талаптары бұзылса шаралар қабылдаулары қажет.
«Бұндай шаралар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің қабылдануына 20 жыл толуы кезеңінде маңызды бола түспек. Қазір ҚР Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 20 жыл толуына орай мерейтойлық мерекені атап өтуге арналған тұтас іс-шаралар кешені әзірленіп, бекітілді. Сондықтан да, Мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығы әрбір қазақстандықтың патриотизм мен елге деген мақтанышын оятатын мерекеге айналуы керек. Сол үшін біз барлық қажетті шараларды қабылдауымыз қажет», - деді М. Құл-Мұхаммед.