Мемлекеттік рәміздерге қатысты әрбір факт республикалық комиссияның басты назарында болуы керек - М. Құл-Мұхаммед

Бүгін Ақордада өткен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның отырысы барысында жиынға төрағалық еткен ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлімдеді.
«Кейінгі уақытта біздің елімізде, республикамыздан тысқары жерлерде барша қазақстандықтардың, қоғам өкілдерінің, депутаттық корпустың алаңдаушылығын тудырған бірқатар оқиғалар орын алғаны рас. Куәйтте болған жарыста, өз ішіміздегі Қостанай, Атырау, Павлодар, Талдықорғанда орын алған бірқатар әлеуметтік шараларда мемлекеттік символдарымызға деген тиісті құрметтің көрсетілмеуі, тіпті оның өрескел бұзылып, келеңсіз салдар қалдырғаны жұртшылықтың алаңдаушылығын тудырды. Ендеше мемлекеттік рәміздерге қатысты әрбір факт біздің комиссияның басты назарында болуы керек», - деді Мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар, М. Құл-Мұхаммед депутаттық корпуста да мемлекеттік рәміздерге қатысты бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті. «Соның ішінде «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Мен осы заң жобасының аясында мемлекеттік рәміздерге қатысты конституциялық заң нормаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастырылғанын білемін», - деді Мемлекеттік хатшы.