Мемлекеттік рәміздерге қатысты тәрбие жұмысы мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың аса маңызды басымдығы болуы тиіс - Қ. Саудабаев
Бүгін Ақордада өткен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның кезекті мәжілісінде ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комиссияның отырысы Мемлекеттік рәміздер күнінің және Конституцияның 15 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын айтқан Қ. Саудабаев: «Бұл маңызды даталар тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы маңызды кезең болып табылады. Осы 18-19 жылдың ішінде Мемлекеттік рәміздеріміз елімізде де және шетелдерде де тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы жарқын мысалы болып табылады», деді.
Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы Мемлекеттік рәміздерді қолдану және пайдалану жөніндегі жұмыстарда қол жеткізілген табыстарға және қабылданып жатқан күш-жігерлерге қарамастан, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен қолдануда әлі де кемшіліктер мен фактілер барын атап көрсетті.
Айта кетейік, отырыс барысында Алматы қаласы, Қостанай және Қызылорда облыстары әкімдерінің, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің және Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі жұмыс тәжірибелерінің есептері тыңдалды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша хаттамалық шешім қабылданды және мемлекеттік органдарға Мемлекеттік рәміздер жөніндегі заңнама нормаларын бұлжытпай сақтау, сондай-ақ оларды пайдалануды бақылау тетіктерін жетілдіру туралы нақты тапсырмалар берілді.