Мемлекеттік сатып алулар саласында отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалуы тиіс - Т.Құлыбаев

Оның айтуынша, бұл ұзақ мерзімді келісімшарттар отандық кәсіпкерлерге өз өндірісін жаңартауға немесе тіпті, жаңа өндірісті қолға алуға, сөйтіп бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.
«Қазір, әрине, әлемдік тұрғыдан алып қарағанда, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілік жағы мығым емес. Оның үстіне, мұнай бағасының күрт төмендеуі, Ресейге қатысты жарияланған санкция, рубльдің тұрақсыздығы отандық өндірушілерге кері әсер етті. Осы тұрғыда кәсіпкерлерді қолдайтын қандай мүмкіндіктеріміз бар, солардың барлығын қолдануымыз қажет. Солардың бірі - мемлекеттік сатып алулар жүйесі. Бұл жерде «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, министрліктер, басқа да мемлекеттік органдар, әкімдіктер барлығы осы жүйе бойынша отандық жабдықтаушыларға басымдық берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Егер жүйе аясында олармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалса, кәсіпкерлеріміздің өз өндірісін жаңартуға немесе жаңа өндіріс орнын ашуға мүмкіндігі болар еді», - деді Т.Құлыбаев.
Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы палата аясында «Адал ниетті жабдықтаушылар тізілімі» жасалғанын жеткізді.
«Өздеріңіз білесіздер, елімізде қазір тауардың шығу тегін белгілейтін «СТ-КЗ» сертификаты жұмыс істейді. Бірақ ол уақытша ғана. Қазақстан ДСҰ-ға мүше болуға күш салып жатыр. Сондықтан біз оның орнына жаңадан «Адал ниетті жабдықтаушылар тізілімін» ұсынып отырмыз. Сонда мысалы, мемлекеттік сатып алулар бойынша тендерлерге бір күндік фирмалар қатыса алмас еді. Біз осы тізілім арқылы қандай кәсіпорынның немен айналысатынын білетін боламыз. Соның арқасында өнім өндіретін кәсіпорындардың дамуына жан-жақты қолдау көрсетпекпіз», - деді Т.Құлыбаев.
Сөз соңында Тимур Асқарұлы мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржылардың экономика секторларына әкімшілік кедергілерсіз жетуіне тілектестік білдірді.