Мемлекеттік сатып алулар саласында өзгерістер болады
Атап айтқанда, бүгінгі жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын екі оқылымда қабылдады.
«Мемлекеттік сатып алу саласында үш негізгі проблема бар. Біріншіден, сатып алу процедураларының аса тым реттелуі. Екіншіден, сатып алуға қатысушылар біліктілігінің төмендігі. Үшіншіден, бір көзден сатып алу үлесінің үлкендігі», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, сатып алу рәсімдерін жеңілдету мақсатында тиісті нормалар ұсынылды. Бұл тұрғыда бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен 500 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды (240 500 теңгеден 1 202 500 теңгеге дейін). Бұл маңыздылығы аз сатып алу процедураларын жеңілдетуге және отандық өнім берушілерді қолдауға мүмкіндік береді. Бюджеттің төртінші деңгейін енгізу аясында ауыл әкімдіктері үшін бір көзден сатып алудың шекті сомасы 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өседі (6 807 000 теңге).
«Сонымен қатар, тапсырыс берушілерге баға ұсыныстарымен сатып алу кезінде тауарлардың фирмалық атауларын көрсетуге құқық беріледі. Бұл сапалы тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді», - деді Ә. Смайылов.
Мұнымен қоса, «электрондық қалта» ұғымы енгізіледі. Ол әлеуетті өнім берушінің шотына конкурстық өтінішті қамтамасыз ететін ақшаны автоматты түрде қайтаруға мүмкіндік береді. Осылайша, сатып алуға қатысатын тұлғаларға банк шығындары бойынша түсетін жүктеме азаяды.
Бұдан басқа, заң жобасында бірнеше сатып алуларды бір ірі лотқа біріктіруге мүмкіндік беретін нормалар көзделген. Бұл сатып алуды стандарттауға және бизнестің өндірістік қуаттарын үлкен көлемдерге жүктеуге мүмкіндік береді.