Мемлекеттік су қауіпсіздігін ұзақ мерзімде қамтамасыз етуге бағытталған бағдарлама қабылданды

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Халық санының өсуі, климаттың өзгеруі мен оның салдарынан табиғи апаттардың көбеюі, сондай-ақ, экологиялық жүйелердің деградациясы жағдайында су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері басым бағыт болуы керек. Өйткені, алдағы уақытта елдердің экономикалық дамуы су ресурстарына тікелей байланысты болмақ.
None
None

Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев суды үнемдеу мәселелеріне зор мән бере отырып, экономиканың барлық секторларында суды тиімді пайдалану және ылғал сақтау технологияларын енгізуді бірнеше рет айтқан болатын. Сондықтан Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының жалпыұлттық жоспарына сәйкес Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасын әзірлеп, оны бүгін Үкімет отырысында қабылдатты.

«Серік Нығметұлы! Сіздің тапсырмаңызға сәйкес жетекші халықаралық және қазақстандық институттарды тарта отырып, мембағдарламаны дайындау бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, - деп бастады баяндамасын Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров. - Жұмыс тобының компьютерлік модельдеу негізінде әзірлеген болжамынша жыл сайын күтілетін трансшекаралық сулардың қысқаруына және ауыл шаруашылығында су тұтынудың өсуіне орай 2040 жылға қарай Қазақстан бойынша толықтай алғанда су тапшылығының жалпы көлемі жылына 12,2 млрд. текше метрді құрайды».

Министрдің пайымынша, еліміздегі мұншама көлемдегі су тапшылығын шешуге де болады. Ол үшін ауыл шаруашылығында, кәсіпорындарда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында мақсатты шараларды жүзеге асыру қажет. Өйткені, ауыл шаруашылығы судың негізгі тұтынушысы саналады. Мәселен, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы суды тұтыну үлесі 84 пайызды құраса, ондағы су шығынының мөлшері 66 пайызға жетіп жығылады. Бұл салаға ылғал сақтағыш «жасыл» технологияларды енгізу әрі суландыру жүйесін жаңғырту күтілетін тапшылық көлемін 43 пайызға, яғни жылына 12,2 млрд. текше метрден 5,3 млрд. текше метрге дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Ал 3,4 млрд. текше метр тапшылықты суды тасымалдау, тарату және сақтау инфрақұрылымдарын жетілдіру есебінен жабуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру әрі өндірісте суды үнемдеу технологиялары есебінен 0,8 млрд. текше метр су үнемдеуге болады. Ал қалған 2,7 млрд. текше метр суды бассейндер арасында тарату, сондай-ақ ылғалды көп қажет ететін дақылдарды өсіруден бас тарту есебінен жабу қажет.

Сонымен қатар Н.Қаппаров аталған жұмыс тобының алға тартқан тағы бір болжамын алға тартты. Оған сәйкес 2040 жылға қарай су мен су тұтынуға сұраныс жалпы Қазақстан бойынша 56 пайызға артып, қазіргі 16 млрд. текше метрмен салыстырғанда жылына 25 млрд. текше метрді құрайды. Бұл болжам еліміздің Экономика және бюджеттік даму министрлігінің аталған болжам мерзімінде халық санының 20,8 млн адамға дейін артуы дерегі негізінде қалыптастырылған.

«Енді ауыз су сапасына қатысты айтар болсам, коммуналдық инфрақұрылымдардың басым бөлігінің техникалық жай-күйінің қанағаттанарлықсыздығы техникалық және ауыз су сапасына теріс әсер етеді. 2012 жылы ластану көрсеткіші бойынша жіктелген 88 су айдынының тек 13-і ғана «таза» деп танылды»,- деді ол.

Бұл орайда министрдің сөзіне қарағанда, бағдарламада бүкіл республика аумағындағы су айдындарын тазалау және жақсарту бойынша іс-шаралар кешені қарастырылған. Толықтай алғанда ауыз су сапасының стандарттары Еуропалық стандарттарға сай келеді. Дегенмен бірқатар параметрлерді түзету қажет. Ағынды сулар сапасы стандарты ескірген, қолдануға қиын. Еуропалық стандарттарға қарама-қайшы әрі қиындау. Ауыз судың шынайы сапасына және ағын сулар сапасының қабылданған нормаларға сәйкестігіне қатысты ашықтық жоқ.

Министр сөзін түйіндей келе ұсынылып отырған бағдарлама жобасында су саласының алдында тұрған күрделі мәселелерді шешу жолдарына да кеңінен тоқталып өтті. Жалпы оның атап өтуінше, су секторын күрделі инвестициялау мен мен жаңғыртуда 2040 жылға дейін 8,2 трлн. теңге қаржы қажет. Оның 5,4 трлн. теңгесі республикалық және жергілікті бюджеттерден қарастырылса, ал қалған 2,8 трлн. теңге жеке инвестициялар мен халықаралық даму институттары тарапынан тартылатын болады.

Н.Қаппаровтың атап өтуінше, судың инфрақұрылымын жаңарту шығындарын жабу және тиімді су тұтынуды ынталандыру үшін тұтынушылардың барлық санаттары үшін тарифтер деңгейі кезең-кезеңмен өсіріліп, су секторындағы ұлттық басымдықтар бойынша ұсыныстарды әзірлеу үшін Ведомствоаралық кеңес құрылады. Бассейндік инспекциялардың функциялары мен құзыреттері кеңейтіледі. Сонымен қатар Қазақстанның жоғары оқу орындары қатарын тағы бір оқу орны толықтыруы да мүмкін. «Білікті кадрлар дайындау үшін толыққанды су институтын құру қажет. Кеңес одағы кезінде Жамбыл гидромелиоративті институты жұмыс істеген болатын. Қазір ол Тараз мемлекеттік университеті жанындағы факультетке айналды. Су саласына ірі инвестицияның ұсынылып отыруына байланысты Қазақстанның өңірлерінің бірінде мамандандырылған институт құру қажеттігі туындап отыр. Бағдарлама магистралды және тарату инфрақұрылымдарын басқару бойынша 2 ұлттық компания құруды ұсынады. Жаңа басқарудың жүйесі бойынша мемлекеттік су саясатын анықтау және трансшекаралық келіссөздермен министрлік айналысып, ал комитет бақылау-инспекциялық қызметтерді атқаратын болады», - деді Н.Қаппаров.

Оның атап өтуінше, ұлттық компаниялар республикалық деңгейдегі су шаруашылығы нысандарын, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өңірлік тарату желілерін салып, басқарумен айналысатын болады.

«Ұлттық компания құру мәселесі Сіздің тарапыңыздан қолдау тапқан жағдайда оның бірі Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі жанынан құрылып, республикалық деңгейдегі су шаруашылығы нысандарын салу және басқарумен тікелей айналысады. Ал Өңірлік даму министрлігі жанындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы екінші компания өңірлік тарату желілерін салып, басқаратын болады», - деді ол.

Министрдің айтуынша, мұндай жағдай біріншіден, мемлекеттік су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін саяси деңгейге көтереді. Екіншіден, Су реусурстары комитеті артық жүктемеден арылып, өзінің тікелей қабылау-инспекциялау міндетімен айналысады. Үшіншіден, «ҚазТранОйл», «Қазтрансгаз» сынды ұлттық компаниялар мемлекеттік кәсіпорындарға қарағанда табысты шаруагер екендігін тәжірибе көрсетіп отыр.

Осыдан кейін Үкімет басшысы Серік Ахметов бағдарлама жобасын дауысқа салып, ол Министрлер кабинеті тарапынан бірауыздан қолдауға ие болды. «Бұл бағдарламаны жүзеге асыру аясында біз су ресурстарын басқару бойынша кешенді жоспар әзірлейтін боламыз. Оған стратегиялық жобаларды қосуымыз қажет. Осы бағдарламаны жүзеге асыру аясында Үкімет үшін, әкімдер үшін, барлық шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін, шағын және орта бизнес үшін, МЖК, жеке бастамаларды дамыту, инвестициялар тарту үшін үлкен мүмкіндіктер ашылады», - деп түйіндеді жиынды С.Ахметов.

Соңғы жаңалықтар