Мемлекеттік телеарнадан көрсетілетін, бұқара санасына әсер ететін кез келген кинотуынды зиялы қауымнан құрылған көркемдік кеңестің сүзгісінен өтуі тиіс - Б. Тілеухан
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бекболат Тілеухан «Хабар» арнасынан көрсетіле бастаған «Жаным» атты телехикаяға қатысты пікірін осылай білдіріп, Үкімет басшысына сауал жолдады.
Депутат әуелгі сөзі «Қазақ киносы тағы бір «шедеврмен» толықты» деп бастады. Бұл «Хабар» арасынан көрсетіле бастаған «Жаным» атты телехикая. Сөз арасында Б. Тілеухан мемлекеттік арнадан қойылып жүрген киноның атауынан бастап өне бойын сынның астына алды. «Сюжетінде - сыра ішкен жалаңбұт қыз, зинақор әке, безбүйрек бала, жасқаншақ ана, бейәдеп әйел, ақымақтау әже, «никудышный академик», қарындасымен көңілдес аға... Шынымен біздің Қазақстан қоғамы осындай ма? Егер мүйізі қарағайдай «Хабардың» өзі осылай беріп жатса, онда қоғам тура сондай деп ойлауға әбден негіз бар ғой?! Осындай әулеттің азғындаған өмір салтын бүткіл елге таңу кімге керек, несі орынды?!», деді депутат.
Оның айтуынша, туындының бейәдеп сюжеттерінің өзі бір-біріне қайшы. Бұнымен қоса, Б. Тілеухан туындыны «ешқандай логикаға келмейтін кино емес қойыртпақ, елді мазақтау, жұртты ақымақ қылу», деп бағалады. Оның сөзіне қарағанда, қазір қазақ киносында кәрістің арзан фильмдерінде берілетін патриоттық сезім мүлдем жоқ.
«Әсіресе, мемлекеттік телеарналардан көрсетілетін, бұқара санасына әсер ететін кез келген кинотуынды қандай да бір БАҚ жетекшілерінің шешімімен емес, елдің зиялы қауымынан құрылған көркемдік кеңестің сүзгісінен өтіп барып, жарық көруі тиіс. Ең ұтымды уақытқа қойылатын хабарларға да ерекше назар аудару керек. «Жанымға» кеткен ақша арымның садағасы - бұны ендігіде көрсетпей-ақ қойса қайтеді. Жалпы, «Хабар» мемлекеттік арна, оған бюджет қаржысы кетіп отыр. Ендеше, бұл ақылға сыймайтын нәрсе. Сондықтан, бұл мәселеге Үкімет бір амалын келтірсе игі», деді депутат.
Б. Тілеухан көтерген осы мәселені әріптесі Сатыбалды Ибрагиов та қоштады. Тіпті, Оңтүстік Қазақстан облысындағы 30-ға тарта ақсақалдар әлгі «Хабар» арнасындағы «Жаным» атты телехикаяның көрсетілуіне қарсылық білдіріп, депутатқа хат жолдапты.
«Біз бүгінгі күні бюджетті қабылдаймыз. Ал «Қазақстан» мен «Хабар» арналарында көрсетілетін фильмдер бюджет ақшасына түсіріліп, көрсетіледі. Телеарнадан салтымызды, дәстүрімізді бүлдіретін, қоғамға жат нәрсені дәріптейтін өнімге жол берілмеуі тиіс. Ондай сапасыз өнімге кеткен қаражатты соған қатысты азаматтардан қайтартып алу мәселесін де күн тәртібіне қоюға болады. Бұл басқаның емес бюджеттің, халықтың қаражаты», деді С. Ибрагимов.