Мемлекеттік тіл - Қазақ­стан халқының рухани негізі - М.Сабыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Ұлт жоспары - 100 қадам. Бар­шаға арналған қазіргі заманғы мем­лекет» құжатын­да көрсетілгендей, қазақстан­дық­тар­дың біртектілігін нығайтып және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптасты­ру -басты істің бірегейі. Бұл мәселе­де Елбасы атап көрсеткеніндей, мем­лекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауап­­кер­ші­лік жүктеледі. Қазақтар жа­­ңа Қазақстанның болмысын қа­лып­тастыруда барша ұлыстарды ұйыс­тырушы рөлге ие. Бұл - қа­зақ­­тың ұлттық сипатын сақтап, да­мы­ту­­дың және еліміздің қазақы бол­­мы­­сын нығайтудың басты факторы. Осыған орай батысқазақстандық белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр өз ой-толғамымен былайша бөлісті.
None
None

Оның айтуынша, Елбасының «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бас­тайтын жол» мақа­ла­сында «Қазіргі за­­­ман­­­ғы әлемде барлық дамыған мем­­ле­­кет­­тер - біртұтас ұлттар. Олар бірыңғай экономикалық, сая­­си және мәде­ни рет-тәртіппен өмір сүреді» деп көрсетілген. Ендігі ұлы меже - Қа­­зақ­стан халқын бір­тұ­тас ұлт ре­­тін­­де қалыптастыру. Адамзат жа­рал­ға­лы бері талай ұлт қа­лып­­­тас­ты, жаугершілік заманда жо­йыл­ды, өзге ұлтқа сіңіп кетті дегендей, небір жағдайлар болды. Құдайға шүкір, қазақ ұлты өзегін ғасырлар қойнауына тартып, сөзі жоғалмай, өзі жоғалмай, бү­гінге жетті. Бүгінде қазақ ұлты - Қа­зақ­стан Республикасының негізін құ­раушы ұлт. Сонымен қатар соңғы ғасырлардағы аумалы-төкпелі замандарда Қазақ елін көптеген ұлт өкілдері қоныстанғаны белгілі. Бұл көптүрлілік еліміздің ерекшелігі деуге болады. Еліміздегі қазақ ұл­ты мен диаспоралар Қазақстан хал­қын құрайды. Елдегі халықты қазақ жұрты, қазақ елі деп жалпылай атау қалыптасып келеді. Бірақ та «қазақ елі», «қазақ жұрты» ұғымдары қазақ ұлты парадигмасын алмастыра алмайды. Ұлт ұғы­-

­­мы қазақтың тілдік, этногене­тика­лық, мәдени, әлеумет­тік-эко­но­ми­­ка­­­лық біртұтастығының бел­гі­сі. Әлем­де­гі дамыған мемлекет­терде­гі сияқ­ты мемлекет халқын бір­­тұтас­тан­ды­ру үшін Қазақстан аза­ма­ты, Қа­зақ­стан халқы категория­ла­рын қазақ ұлты маңына топ­­тас­ты­ру, бір­тектілендіру қажет­ті­лі­гі ту­ындап отыр. Бұл жерде рес­публика халқының 65 пайызын алып отырған этногенетикалық тегі бар, ел иесі, жер иесі қазақ ұлты гегемондық рөл атқарады.
Қазақ тілі, әдебиеті, өнері, мә­дениеті, тарихы мемлекеттік біріктіруші идеяларға, ұлттық идеяға айналуы қажет. Барлық халықтар қазақ ұлтының маңына топтас­қан­да ғана бүгінгі біртұтас ұлт ұғымы этносаяси шындыққа айналады.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» кітабында «Біз өз мем­лекеттігімізді ұзақ мерзімге құрғымыз келсе, онда халық ру­ха­ния­тының бастауларын түсін­ге­ні­міз жөн» деп атап көрсетті. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың ұлттық мәдениеті Қа­зақстан Республикасының барлық азаматтарын біріктіруге де, біртектілігімізді нығайтуға да құдіреті жетеді. Өркениет халықаралық ұғым болса, мәдениет - ұлттық кате­го­­рия. Рухани мәдениет ұлттың тіл, та­рих, ақыл-ой эстетикасы, құн­ды­лық­тар жиынтығы. Рухани мә­де­ниеттің басты тірегі - тіл. Қазақ ті­лі, бүгінгі мемлекеттік тіл - аза­­мат­тық және мәдени біртекті­лік жа­­сау­ға тікелей апаратын даң­ғыл жол. Мемлекет - тұрғындар жи­ын­тығы, саяси билік, эконо­ми­ка­­лық жүйе ғана емес, сонымен бірге тілдік кеңістік те. Қандай да болсын бір тілдің кеңістігі, әлбетте бір мә­де­ниет­тің кеңістігін жасайды. Қа­зақ­стан­да қазақ тілі қазақ мә­де­­ние­ті­нің кеңістігін жасап келе­ді, жасай да береді. «Біз барша қа­зақстандықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз», - деп Елбасымыз атап көр­сетті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік тілді меңге­­ру тәуелсіздіктің орасан зор жетіс­­ті­­гі деп айрықша атады. Мем­ле­кет­­тік тілді білетін қазақстандықтар санын 2020 жылға қарай 95 па­йыз­ға жеткізу міндетін қойды. ҚХА-ның XXII сессиясында Елбасы нақты айтты: «Кез келген ұлт, мемлекет - бұл, бірінші кезекте, оның бі­ре­гей мемлекеттік тілі». Елімізде мем­­­ле­кеттік тіл саясаты сындарлы жүргізіліп келеді. Дегенмен мем­лекеттік тіл барлық салада өз дең­гейінде қолданылмай тұрғанын жасыра алмаймыз.

Елбасының бастамасымен құ­рылған Қазақстан халқы ассам­блеясы этносаралық және конфес­сияаралық татулықты қамтама­сыз етіп отырған саяси институтқа айналды. Ынтымақ пен жасампаз еңбектің арқасында Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын толағай табыстармен қарсыламақпыз. Несібе бірлікпен артады, ынтымаққа ырыс бітеді деген осы.
Елбасы атап көрсеткеніндей, «Қазақстан халқы ассамблея­сы ел халқының мемлекеттік тілді мең­геруге бағытталған жалпы­ұлт­тық үрдісіне бастаушы болуы тиіс». Қа­зақстандық біртұтас ұлттың тілі мемлекеттік тіл болу керек. Сон­­-
да ғана Мәңгілік ел ұлттық идея­сының қанаты беки түседі.
Соңғы жылдар Президентіміз ұсынған «Үш тұғырлы тіл» саясаты қоғамда қызу пікірталас тудырып тұрғаны ақиқат. Еліміздің дамып, өркендеуі үшін болашақ ұрпақ­тың бірнеше тілді меңгергені құптар­лық іс. Мемлекеттік тіл орыс, ағыл­шын тілдерінің көлеңкесінде қа­лып қоймай ма деген күдікке Елбасы: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» - деп ескертті. Дегенмен, Білім және ғылым министрлігі тарапынан ұсынылып жатқан орта білім мен жоғары бі­­лім саласындағы реформалар педагог мамандарды да, ата-аналарды да алаңдатып отырғаны шындық. Әсіресе, балабақшадан бастап үш тілді үйретеміз деп кірісіп кеткендер де бар. Меніңше, бұл үлкен қателікке, өкінішке ұрындыруы мүмкін. Үш тілді толық білмейтін, рухани тұрғыдан кемтар, ұлттық тамырдан қол үзген мәңгүрт ұрпақ дайындасақ, ата-бабаның аруағы, келер ұрпақтың қолы біздің жа­ғамызда кетер. Қазақ қоғамында қазақ-орыс қостілділігі жақсы да­­мы­ған, керісінше орыс-қазақ қос тілділігі кенжелеп дамуда. Сая­сат­тың ықпалымен жүргізілген екі тілділіктің пайдасын да, зиянында көріп отырған қазақ ұлты. Бір жақты жүргізілген тіл саясатының кесірінен ұлтымыз таза қазақ, шала қазақ, ада қазақ болып бөлініп, бір-бірімізді түсінбей жүрміз. Өт­кен­нің өкінішін ескеріп, тарихтан та­ғы­лым алып, тағы кемшіліктер жі­бер­меу­ді ойлауымыз керек. Елбасы сө­зі­не жүгінсек: біз тіліміз­ден де, ді­лімізден де айырылып қала жаздаған ұлт емеспіз бе.

Қазақ баласы ана тілінде оқып, дүниетанымы туған тілінде қа­лып­тасса ғана елім дейтін азамат өсіп шығады. Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден (Ә. Бөкейхан). Мінез, адами болмыс өзекті жанға ана тілмен дариды. Ал екінші, үшінші тілдер қосымша ақпарат көзі, қатынас құралы. Ана тілімен, ана сүтімен кірмеген ақыл ой, білім тана сүтімен кірмейді. Қай тілді қай жастан, қай сыныптан бастап оқытуды психологиялық және педагогикалық тұрғыдан зер­делеп барып бастау керек. Бұл мәселеге педагог мамандар өз көзқарастарын білдіруі қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар академик А. Жұмәділдаевтың «Егер біз жаратылыстану ғылымдарын тек ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда біз тілден айы­рыл­дық деп есептеңіз» деген сөзі шындық. Бұл әрекет: қазақ тілін ғылым саласынан ығыстырып, отбасы тілі деңгейіне түсіру. Ғылым өз ті­лің­де болғанда ғана жұғым­ды, түсінікті болады. Қазақ тілінің әде­би, ғылыми әлеуеті ұшан-те­ңіз. Өкінішке орай, кезінде В. Радлов, С. Малов сияқты ұлы ғалымдар тамсанған, таңданған бай тілдің мүмкіндігін өзіміз қолдана алмай отырмыз.
«Әдебиет пен өнер ұлы болмай, ұлт ұлы бола алмайды» деп Ғабит Мүсірепов ескерткен. Қазақ әдебиеті әлемдік әдебиетке үл­кен үлес қосты. Әдеби тіліміз­дің 15 томдық түсіндірме сөздігін жа­рыққа шығардық. Мұндай мол сөздік қоры бар ұлттар әлемде аз. Қазақ тілі - елімізде азаматтық және мәдени біртектілік жасауға тікелей үлес қоса алатын аса зор рухани құбылыс. Тіліміздің орасан мүмкіндігін барынша пайдалана алмасақ, кінә тілден емес, өзімізден, немқұрайлығымыздан және тіл саясатының толыққанды жүргізілмеуінен деп айта аламыз.

Президенттің тікелей басшы­лы­ғымен әлем елдерінде бол­ма­ған ерекше бағдарлама «Мә­де­­ни мұра» бағдарламасы дү­ние­­ге келді. Көптеген әдеби, мә­де­­ни, этно­графиялық, тарихи-ар­хео­ло­гия­лық мұраларымыз, жәдігерлеріміз ор­таға оралды. Тәуелсіздік тұ­сын­­да өнер қоғамдық ой-сананы оя­ту­шы, бағыттаушы құбылыс дә­­ре­­же­­сі­­не көтерілді. Әсіресе, ай­тыс өне­рі қазақ мәдениетінің эс­­те­­ти­ка­лық, этикалық және де­мо­кра­тия­лық сипатын паш етті. Жыр­шы­лар, күйшілер, термеші­лер бай­қау­ла­ры тарихи тамырдың үнін құ­лақ­қа естіртті. «Қазақтың мың әні», «Қазақтың мың күйі» сияқты элек­трон­дық нұсқада шыға­рыл­ған жи­нақ­тар қазақ мәдениетінің то­­лық­қандылығын көрсетті. Осы­ның бә­рі қоғамымызға ұлттық, аза­­мат­тық біртектілікті қалып­тас­тыруға үлес қосуда. Рухани мәдениеттің тағы бір басты ұстыны - ұлт тарихы, мемлекет тарихы. Белгілі антрополог ғалым, академик Оразақ Смағұлов дәлелдегендей, «Қазақ халқы жә­не оның тегі антропологиялық тұр­ғыдан 4 мың жыл жасап келе жатқан біртұтас, бөлуге келмейтін антропологиялық ұжым, гомогендік популяция, яғни биологиялық, генетикалық ұлттық бірлікте». Мінекей, ықылым заманнан еншісі бөлінбеген, іргесі ажырамаған, ке­­­регесі ыдырамаған қазақ жұр­­тының тарихи тамыры тым те­рең­­де. Өткен жылы Қазақ ханды­ғы­­ның
550 жылдығын атап өттік. ҚР Пре­зиденті Н. Назарбаев «1465 жыл сұл­тан­дар Керей мен Жәнібек ал­ғаш рет хандық құрып, біздің та­­ри­хымыз қазақ мемлекеттілігін осы кезден бастайды. Мүмкін, бұл тер­мин біздің қазіргі түсінігіміздегі, бү­гінгі шекарамыздағы бүкіл әлем­ге танымал және беделді бол­­ға­­­­ны­мыз­дай мемлекет бола алмаған да шығар. Бірақ сол замандағы бас­­қа барлық мемлекеттер туралы да осылай айтуға болады. Ең ма­ңыз­дысы, сол кезде мемле­ке­ті­міз­дің негізі қаланғандығы, ал біз­дер­дің ата-бабаларымыздың ұлы іс­те­рін жалғастырғанымыз» , - деген еді. Бүгінгі Ұлы дала елі болып отырған тәуелсіз Қазақстан - ежелгі заманғы мемлекеттілікті қайта жандандырып отырған жасампаз ел. Қазақ ұлты тарихы мен Қазақстан тарихынан елімізді мекендеп отырған басқа ұлт өкілдері бөліне алмайды. Соңғы 2-3 ғасырда ортақ тарихи кезеңдерді бастан кештік. Патшалық империяның отарлық саясаты, Қазан төңкерісі, Кеңес үкіметі жылдары, Ұлы Отан соғы­сы, Кеңес одағының ыдырауы, Еге­мен Қазақстанның нығаю жолын­дағы саяси күрестер, бұның бәрі - ор­тақ тарих. «Тарихты құрмет­те­месең, болашақ сенің маңдайыңа тас лақтырады» - дейді ғалымдар. Қазақстан халқының өкілі өзі мекендеген ел мен жер тарихына немқұрайлы болмасқа тиіс. Ортақ тарих - бізді елдікке, мемлекет­шілдікке бастайтын жол.
Әр түрлі көзқарастар мен мүд­делерді үйлестіру, мемлекеттің тұрғындарын мемлекеттің азаматына айналдыру, Қазақстан хал­қын біртекті, біртұтас ұлтқа айнал­дыру - біздің ең басты мақ­са­ты­мыз болуы керек. Халық біртұтас ұлт болмай, жер тұтас болмайды. Ендігі жерде қазақ ұлты бас болып өзінің ынтымақ бірлігін көр­се­тіп, басқа этностарды айналасына топтастырып, шын мәнінде, ел­дік­тің тұтастығын қамтамасыз ететін шараларды жалғастыра беруі тиіс.
ҚР Конституциясының 2-бабында: «Қазақстан Республикасы - Президенттік басқару ныса­нын­дағы біртұтас мемлекет» делінген. «Қа­зақстан - 2050» Стратегиясында ай­­тылғанындай, «Қазақстан - бірегей ел... Біз көп ұлтты сипаты бар, біртұтас елміз». Бізде көп ұлттар емес, шын мәнінде, заң тілімен айт­сақ, көп ұлт өкілдері ғана тұрады, олардың кейбір мемлекеттердегідей өздерінің жеке құрылымда­ры мен мәртебелері жоқ. Біз Конституцияда көрсетілгендей, біртұтас елміз. Біз Қазақстанда130 ұлттың өкілдері тұрады деп даурығуды қоюмыз керек. Қазақстан халқы бір этномәдени кеңістік те, бірегей тілдік кеңістікте өмір сүрген де ғана біртекті, біртұтас, бірбүтін ұлтқа айнала алады. Бұл тұрғыда дамыған Түркия, Франция сияқты елдердің тәжірибесі бізге үлгі. Түр­­кия азаматы - ол шыққан тегі­не
қарамастан түрік ұлты. Түрік ті­лі­мен, түрік мәдениетімен өмір сү­реді. Ататүріктің мына сөзін жадымызда ұстаған дұрыс: «Мен -түрік ұлтынанмын дейтін адам бәрінен бұрын және міндетті түрде түрік тілінде сөйлеуге тиіс. Түрік тілінде сөйлемейтін адам өзінің түрік қауымына және түрік мәдениетіне жататынын қаншама қайталаса да, бұған сену дұрыс болмайды».

«Өкінішке орай, біздің елде ешбір елдің тәжірибесінде жоқ құбылыс - мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер лауазымды қызметтер атқарып жүр. Әбіш Кекілбаевқа сүйенсек, тілсіздік атасыздыққа апарады, атасыздық отансыздық, отан­сыз­дық опасыздық, опасыздық иман­сыздық. Стратегияда «қазақ тілі біздің рухани негізіміз» деп айтыл­ған, яғни мемлекеттік тіл - Қазақ­стан халқының рухани негізі. Қа­зақ­станның болашағы қазақ тілінде», деді М.Сабыр.

Соңғы жаңалықтар