«Мемлекеттік тіл - менің тілім» байқауына ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 11 әскери қызметші қатысты (ФОТО)
Байқау аясында қатысушылар мемлекеттік тілдің маңыздылығына тоқтала отырып, қазақша мақал-мәтел жаттау, сөз жарысы, қазақша театрландырылған қойылым көрсету, қазақша өлең оқу, ән шырқау, ресми құжаттарды қазақ тілінде жүргізу және сұрақтарға жауап беру сынды аталымдар бойынша бәсекеге түсті.
Байқауға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының офицерлері, тілші мамандар мен көрнекті әдебиет өкілдері қазылық жасады.
«Бір қуанарлығы, қатысушылардың барлығы дерлік байқауға мол дайындықпен келгендіктерін көрсетті. Бұл түсінікті де. Өйткені, ҚР Ұлттық ұланында мемлекеттік тілді қолдану, үйрету, үйренушілерге тиісті жағдай жасау мәселесі бір жүйеге қойылған. Әскер өмірінде іс қағаздарды жүргізуден бөлек, күнделікті оқу сабақтары мен әскери бөліністердің тыныс-тіршілігінде мемлекеттік тілді кеңінен қолдану - бізде тұрақты үрдіске айналған. Оның үстіне, әскери бөлімдерде мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі арнайы мамандар қызмет етеді», - деді өз сөзінде ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімінің (ТӘҚЖБ) мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға офицері, майор Данара Баймағанбетова.
ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, байқауға қатысушылар арнайы қабырға газетін шығарудан және мемлекеттік рәміздер туралы да сайысқа қатысқан.
Сонымен, қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған 4 әскери қызметші жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтсақ, Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, түрік ұлтының өкілі, кіші сержант Камран Фазаиров бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға ие болған 6506 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, өзбек ұлтының өкілі сержант Эркинбай Шамуратов та мемлекеттік тілді білу деңгейінің осал еместігін көрсетті. Үшінші орынды қанжығасына байлаған 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, орыс ұлтының өкілі капитан Михаил Миськив пен 5572 әскери бөлімінің офицері, өзбек ұлтының өкілі майор Нұржан Садықов та аталған байқауда сөз шеберлігін танытуда алдына жан салмай, мақал-мәтел жарысында көзге түсіп, барша жиналған қауымды бір тәнті етіп тастады. Көрермен көзайымына айналған сайыс жеңімпаздары байқау қорытындысы бойынша бағалы сыйлықтармен және Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының грамотасы және арнайы дипломдарымен марапатталды.
Айта кетелік, бірінші орынды жеңіп алған Камран Фазаиров алдағы күз айында ҚР Ұлттық ұланының «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты республикалық байқауына қатысады.