17:57, 13 Қараша 2013 | GMT +5
Мемлекеттік тілде білім беретін оқу орындарының санын арттыру саясаты жалғасады - ҚР БҒМ басшысы
АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - Мемлекеттік тілде білім беретін оқу орындарының санын арттыру саясаты жалғасады. Бұл туралы бүгін Қазақстанда білім және ғылым саласын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған басым бағыттары бойынша өткен ҚР Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.

Алқа мәжілісі барысында ведомство басшысы білім беру жүйесінде ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жою мәселелеріне ерекше назар аударылатынын атап өтті. «Бұл міндетті шешпейінше, біз сапалы білімге теңдей қолжетімділік тұрғысындағы басты мақсатты қамтамасыз ете алмаймыз. Осы бағытта қала мен ауыл арасындағы алшақтықты халықаралық сарапшылар да растап отыр», - деп тоқталды министр. Осы орайда ол бұл мәселе ауыл жастарының біліктілік жағынан өсуіне кедергілер тудыратынын сөз етті. Атап айтқанда, ауылдық жерде орта мектепті бітірген жастар сапасы төмен білім алғандықтан жүйеден ығыстырылып шығып, маргиналданады. Бұдан кейін индустриялық-инновациялық және өңірлік даму кадрлармен қамтамасыз етілмейтін болады. Министрліктің мәліметінше, ауылдағы білім мәселесі тиісті шешімін таппаса, онда маргинал (шетқақпай) топтардың қатары көбейіп, білім беру мен құқық қорғау органдарына салмақ түседі.