16:44, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Мемлекеттік тілдегі сапасыздыққа жол берген «ҚАЗТЕСТ» бағдарламасын тоқтату қажет ? Б. Тілеухан
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бекболат Тілеухан мемлекеттік тілді дамыту шаралары бойынша орын алып отырған бірқатар олқылықтар туралы мәселе көтеріп, бұл жөнінде Үкімет басшысы мен Білім және ғылым министрлігіне сауал жолдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет тарапынан тілдің дамуына жан-жақты қаржы бөлініп жатыр. Заманға сай оқу-әдістемелік құралдары, электрондық оқу құралдары, сөздіктер шығарылуда. Осылайша, тілдің дамуына барлық мүмкіндіктер жасалғандай. Алайда қоғамда мемлекеттік тілге сұраныс пен қажеттілік туындамағандықтан, қазақ тілінің беделі тек қағаз жүзінде іске асып жатқан секілді. Мәселен, «Жаңа толқын» атты қазақ тілін меңгертудің оқу бағдарламасына сәйкес 3 деңгейге бөліп оқыту қарастырылған. Бірақ, бұның 1-ші деңгейіндегі тапсырмаларына қарап-ақ, көңілің қалады», - деді Б. Тілеухан.
Депутаттың айтуынша, аталған оқу бағдарламасына қазақтың киіз үйіне, саятшылыққа, шаруашылық құралдарына, хандар мен батырлардың өмірбаянына қатысты меңгеруге аса қиын болатын, терең мәтіндер пайдаланылған. «Осылайша, біз тіл үйренушілерді жалықтырып жібереміз, әрі олардың мағынасы өте ауыр мәтіндерді есте сақтауы, әңгімелеп беруі мүмкін емес», - дей келе бұл шараның «тілге деген құрмет пен үйренуге ынтаны жоғалтып, жиіркеніш сезімін тудыратынын» атап өтті. Оның пайымдауынша, тілді үйретуде қазіргі заманмен байланысты жеңіл мәтіндер қолдану қажет еді.
Сонымен бірге, Б. Тілеухан мемлекеттік қызметшілерге арналған «ҚАЗТЕСТ» бағдарламасына 72 млн. теңге бөлінгенін айтып, бұл бағдарламада да кемшіліктер шаш етектен екендігін алға тартты. Депутаттың сөзіне қарағанда, тест арқылы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін тексеру тіпті мүмкін емес. Себебі тестегі тапсырмалардың мемлекеттік қызметшіге еш қатысы болмай отырған көрінеді. «Тіпті тестегі көрсетілген диалогты тыңдап отырсаңыз, мемлекеттік қызметші болу ұят, намыс тіпті оған деген аяныш туады. Оны мемлекеттің қызметшісі емес құлы сияқты суреттейді. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметші 7 заңнан тест тапсырады. Ал енді осы тестің орыс тіліндегі сұрақтары өте білікті, сауатты, түсінікті жазылған. Өкінішке қарай, қазақ тіліндегі сұрақтары аударма арқылы жасалғандықтан ұғымы өте ауыр, түсініксіз. Сөзбе-сөз түрінде аударылған. Бұнымен қоймай, онда қазақ тілінің грамматикасы, тілдік нормаларының ережелері сақталмаған. Осындай себеппен қазақ тілін жақсы-ақ білетін мамандардың өзі мемлекеттік қызметші тестін орыс тілінде тапсыруға мәжбүр. Мәселен, сот, құқықтық жүйедегі мемлекеттік тілді жетік білетін қызметкерлер қазақ тілінде тест тапсырып көрді. Аударманың нашарлығынан, түсініксіздігінен сынақтан өтпей қалып, келесі жолы орыс тілінде тапсырды. Сондықтан да «ҚАЗТЕСТ» мәселесін тоқтату қажет. Өйткені мемлекеттік тілді қорлауға жол берілмеуі керек», - деді депутат.