14:55, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры қазақ тілін дамытуға бағытталған бірнеше байқау өткізеді
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры қазақ тілін дамытуға бағытталған бірнеше байқау өткізеді. Бұл туралы бүгін жұмысқа кіріскелі бері алғаш рет баспасөз мәслихатын өткізген аталған Қор төрағасы Берік Әбдіғалиев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Былтырғы жылы Сенат депутаттарымен кездесуінде Мемлекет басшысы қазақ тілінің дамуына байланысты өз тарапынан арнайы қор құру туралы бастама көтеріп, бұған қаражатын да салған болатын. Ресми тіркеуден өткеннен кейін Президенттік қор өз жұмысын бастады. Қордың құрылтайшысы тұңғыш Президент болып табылады. Бұл бағыттағы жұмысты кеңейте түсу үшін Жазушылар одағын, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығын, Қазақстан халқы Ассамблеясын жұмылдырып отырмыз. Қоғамдық ұйым болып табылатын қор мемлекеттік тіл саясатында кешенді шаралар атқармақшы. Сонымен бірге, Президенттік қордың басты мақсаты қоғаммен жұмыс істеу болып табылады. Билік қаншалықты талпынса да, қомақты қаражат бөлсе де тілді дамытуда нәтиже әлі де көңілге толмай отыр. Біз тіл мәселесінде мемлекеттік органдардың әрекетін, басқа салалардағы жұмыстарды қайталамас үшін қоғамдық ұйымдармен, қоғаммен тікелей жұмыс жасап, сол ортада тілге деген ынталандыруды күшейтпекшіміз», деді Б. Әбдіғалиев.
Оның айтуынша, Мемлекеттік тілді дамытудың президенттік қоры алдағы уақытты жылына төрт мәрте гранттар ұсынбақшы. Грант көлемі 100 мың теңгеден 3 млн. теңгенің аралығында болады. Бұл гранттарға жеке тұлғалардан бастап, коммерциялық немесе мемлекеттік мекемелер де атсалыса алады. Ең бастысы тілді дамыту мәселесінде жаңа жобалар айқын қолдауға ие болады.
«Гранттар бойынша арнайы комиссия қоғамға белгілі зиялы қауым өкілдерінен, тіл жанашырларынан құралады. Қазіргі таңда Қордың қамқоршылық кеңесі құрылып, оған Мемлекеттік хатшы Қ. Саудабаев төрағалық етеді. Ал сенатор Қуаныш Сұлтанов, қоғам қайраткері Амангелді Айталы секілді бірқатар танымал азаматтар кеңестің белсенді мүшелері болып табылады. Бұдан басқа, біз алдағы уақытта қоғамдық кеңес құрып, оның қатарына да тіл мәселесін көтеріп жүрген азаматтарды тартпақшымыз. Қордың гранттарын бөлу шарасында осы кеңестің мүшелері қазылық жасайды. Ал тіл қорының грантына ие болғысы келетіндер өз жобаларын наурыздың 10-ына дейін жолдаулары шарт», деді Қор жетекшісі.
Бұдан басқа Қор тарапынан «Береке мен бірліктің тілі ? қазақ тілі» атты ең үздік жарнамаға байқау жарияланады. Байқауға қатысатын жарнама қазақтың тілінің «Береке мен бірліктің тілі» екендігін баяндауы қажет. Сол секілді жарнаманы көрген немесе естіген жан бірден қазақ тілі туралы жылы пікірге бөленуі тиіс. Осы мақсаттағы бейне роликтер, суреттер мен плакаттар сәуірдің 15-іне дейін қабылданады. Байқау жеңімпаздарына 300 мың теңгеге дейін сыйақы беріледі.
Сонымен бірге, «Орыс тілді басылымдар арасында мемлекеттік тілді дәріптеген үздік мақала» атты байқау да жарияланғалы отыр. Бұған қатысушылар қазақ тілінің қоғам тұтастығының кілті екенін ашып көрсетулері керек. Сонымен бірге, мақала орыстілді қауымды қазақ тілін үйренуге шақыруы тиіс. Қатысам деушілер өз материалдарын маусымның 15-іне дейін жіберсе, жеңімпаздар маусымның 28-і, баспасөз күнінде марапатталатын болады. Бұндағы сыйақы қоры да 300 мың теңгеге дейін.
«Қазақ тілін үйретудің ең үздік әдістемесі» атты тағы бір байқау бұл тілді тиімді әдіспен үйретудің әдістемесін анықтау мақсатында ұйымдастырылады. Ал сарапшылар жеңімпаз деп таныған жоба, қор тарапынан кітап немесе қажетіне қарай, арнайы дискі болып көп данамен жарық көреді. Бұл аталым бойынша қорытынды қыркүйектің 22-сі, тілдер күні мерекесінде жарияланып, тиісті жеңімпаздар сол күні марапатталады.
Бесіншіден, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының арнайы сыйлығы да тағайындалатын болады. «Сыйлық қазақ тіліне, қазақ ұлтының мүддесіне қызмет еткен, өмірін осы жолға арнаған жекелеген тұлғаларға жыл сайын бес аталым бойынша беріледі. Жүлденің жалпы қоры 2 млн. 500 мың теңгені құрайды. Қор жанынан құрылған қазылар алқасының шешімімен жеңімпаз атанған азаматтар қазанның 25-інде, Республика күні марапатталады», деді Б. Әбдіғалиев.
Қоғам назарын аударуға бағытталған тағы бір байқау «Қоғамдық тіл инспекциясы» фото-байқауы болып отыр. Б. Әбдіғалиевтың айтуына қарағанда, бүгінгі күні фотобайқауды республикалық «Айқын» газетімен бірлесіп өткізу туралы келісім жасалған. Осы байқауға кез-келген қарапайым оқырман қатыса алады. Қатысушы өзі тұрған аумақта мемлекеттік тілде жазылған қателерді фотоға түсіріп, оны газет редакциясына жіберуі тиіс. Тоқсан сайын өткізуі жоспарланған бұл байқаудың жүлделік қоры 50 мың теңгеге дейін болады.
Президенттік қор бастамашы болып отырған бұл байқау шаралары қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылуда.