15:22, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Мемлекеттік тілді қажетті деңгейде білуі тиіс кәсіптердің, мамандықтардың, лауазымдардың тізімін жасау - қазақ тілін дамытудың нақты тетігі
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік тілді қажетті деңгейде білуі тиіс кәсіптердің, мамандықтардың, лауазымдардың тізімін жасау - қазақ тілін дамытудың нақты тетігі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Зейнолла Алшымбев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақ тілінің мәртебесі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңында, ең бастысы, Конституцияда баянды етіліп, ол мемлекеттік тіл ретінде танылған. Елбасының тапсыруымен бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданды, жарлықтар шығарылды, Үкімет қаулылары қабылданды. Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі Президенттік қор құрылды. Бірақ, елімізде мемлекеттік тілді қолдану аясы әлі де көңіл көншітпей отыр. Мұндай алаңдаушылыққа себеп болған жағдай ол - қазақ тілінің қоғамдағы орны, мемлекеттік органдардағы қолдану деңгейі. Мәліметтер бойынша Үкімет құрылымындағы органдардың мемлекеттік тілдегі құжат айналымы көлемі де көңілден шықпайды. Мәселен, Ақпараттандыру және байланыс агенттігінде мемлекеттік тілдегі құжат айналымының көрсеткіші ? 2,3 пайыз, Ұлттық банкте ? 3,9 пайыз, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 17,5 пайыз, Экономика және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде - 18,9 пайыз, Ауыл шаруашылығы министрлігінде 26,1 пайыз ғана құрап отыр. Басқа ведомстволар да осының төңірегінде. Сонда бұлар қай мемлекеттің министрліктері мен ведомстволары болып отыр?», - деді депутат.
Оның айтуына қарағанда, еліміздегі 2 мың 787 басылымның 18 пайызы, яғни 511-і ғана мемлекеттік тілде болса, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін газет-жұрналдардың 25 пайызы (!) ғана қазақ тілінде басылады екен. «Биыл «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген 40-тан астам жастардың бір де біреуі тиісті деңгейде қазақ тілін білмейді екен. Елдегі телеарналар мен радиода хабарлар негізінен орыс тілінде беріледі. Ана тілінде балдырғандардың танымын қалыптастыратын мультфильмдер жоқтың қасы. Бұл мысалдардың бәрі қоғамдағы мемлекеттік тілдің қазіргі жай-күйінен хабар береді», - деген депутат З. Алшымбаев, бүгінгі күні тіл төңірегіндегі мәселелерді шешуге Тіл комитетінің құзыры жетпей отырғандығын атап өтті.
«1998 жылы бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша Тіл туралы заңның 23-бабының 3-бөлігін, яғни мемлекеттік тілді қажетті көлемде білуі тиісті кәсіптердің, мамандықтардың, лауазымдардың тізімін жасау жөніндегі ұсыныс 1999 жылы әзірленуі тиіс еді. Бірақ, осы жақсы бастама іске аспай қалып қойды. Егер осы шара қолға алынып, қабылданса, мемлекеттік тілді дамытудың нақты тетігі болар еді», - деді З. Алшымбаев.