Мемлекеттік тілді үйренуді әркім өзінен бастау керек - БҚО әкімі

Өңір басшысының атап өткеніндей, бұл ретте ең алдымен қазақтардың өзі ана тілін құрметтей білуі тиіс, негізгі жауапкершілік те соларға жүктеледі. Кейбіреулер мінбеде қазақ тілінде сайрап тұрғанымен, үйінде, отбасында немерелерімен орыс тілінде сөйлесіп жатады. Немесе керісінше енді біреулері қарапайым сөйлеу мәдениетін меңгермеген, өз ана тілінде ойын жеткізе алмайды. Бұл осы жиында есеп берген Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиевтің тарапынан байқалып, сын тезіне ілікті. Идеологиялық саланы басқарып отырған басшының ана тілін меңгермеуі өкінішті-ақ.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы БҚО филиалының төрағасы Болат Жексенғалиевтің айтуынша, облыста жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 2500-ден астам мемлекеттік қызметші болса, соларды нақты оқыту жүйесі жасалмаған. 2004-2012 жылдары олардың 6 пайызы ғана курстарда біліктілігін жетілдірсе, соңғы екі жылда бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Оқытылған жағдайда да оның нәтижесі көрінбейді, яғни курста білім алған адамның мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі қандай, оны әрі қарай қалай жалғастыру қажет, осыған көңіл бөлінбейді.
Кеңейтілген отырыста сондай-ақ отбасы әлеуетін арттырудағы қоғамдық келісім кеңестерінің рөлі туралы сөз болды. Бұл жөнінде Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр баяндап, ауыл-аумақтың экономикалық-әлеуметтік хал-ахуалын көтеру, ардагерлерге қайырымдылық көрсету, тұрмысы төмен азаматтарды жұмыспен қамту мәселелерін айтып өтті. Осы орайда облыс басшысы өңірде 163 қоғамдық келісім кеңесінің жұмыс жасайтынын, олардың қызметін барынша өрістете түсу қажеттігін атап көрсетті. Бұл бағытта «Қоғамдық келісім» МКК құрылып, іске кірісіп кетті, оған «Хаймат» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Әжіғалиев жетекшілік етеді.
«Бірлік» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Наджаф Мамедов «Қазақстан - 2050» стратегиясы аясында шағын және отбасы бизнесін дамыту жолдарына тоқталды.
Отырыста алдағы жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жариялануына байланысты оған жан-жақты дайындық мәселесі тағы бір пысықталды.