12:06, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламасы саласындағы заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 21 млрд. теңгеден асты ? Есеп комитеті
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінде еліміздің Мемлекеттік тұрғын-үй құрылысы бағдарламасы саласындағы заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 21 млрд. теңгеден асып отыр.

Бұл туралы бүгін ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев ведомствоның 2008 жылдың қорытындысына арналған кеңесте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, аталған заң бұзу оқиғалары мақсатты трансферттерді игеру және басқа да заңсыз әрекеттер барысында орын алған. Мәселен, 2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын-үй құрылысы бағдарламасы аясында бөлінген 2,1 млрд. теңгені әкімдер жергілікті бюджеттердің шығындарын жабу үшін жұмсаған. Ал инфроқұрылымды жабдықтауға арналған 600 млн. теңге көлеміндегі қаражат Қостанай қаласында көлік жолдарын жөндеуге мақсатсыз бағытталған. «Бүгінде еліміздің Мемлекеттік тұрғын-үй құрылысы бағдарламасы саласындағы заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 21 млрд. теңгеден асып отыр», - деді О.Өксікбаев. Есеп комитетінің мәліметі бойынша, 2008 жылда мақсатты трансферттерді игеру саласындағы заңбұзушылықтардың жалпы көлемі 75,8 млрд. теңгені құрады. Ал мемлекеттік активтерді тиімсіз басқарудың нәтижесінде 21,6 млрд. теңге сомасында заң бұзу фактілеріне жол берілді. 2007 жылмен салыстырғанда, еліміздегі мақсатсыз шығындар 12 есеге өсті.