Мемлекеттік-жекешелік әріптестікке қатысты кәсіпкерлерге тегін консультация беріледі

«Бүгінде біз орталықта бәрін арнайы оқытамыз, түсіндіреміз. Басқа да консультанттар бар. Оларды да пайдалану қажет. Ол - бір. Екіншіден, Азия банкінің қоры жұмыс істей бастады. Қазақстанның екі өтінімі мақұлданды. Консультанттарға ақша да бөлінді. Біріншісі жергілікті жерде болса, екіншісі республикалық деңгейде. Сондықтан еш қорықпай, көмек алыңыздар. Сұрақтар болса, біздің мамандарымыз көмек беруге әзір. Барлық қызметтер тегін көрсетіледі» , - деді Ғалымбек Мамыраев бүгін Астанада өткен семинар барысында.
Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде кәсіпкерлер жаңа ғимарат салу, я болмаса, ескі нысанды жаңғырту арқылы әлеуметтік қызмет көрсету кәсібін жолға қоя алады. Ондай тәжірибе балабақшаларды ашу саласында кеңінен тараған. Бизнес өз ақшасын салғаннан кейін субсидия және тағы басқа өтемақылардың есебінен өз шығындарын ақтай алады. Оған қоса, ақылы қызметтерді де көрсетуге мүмкіндік бар. Осы жолмен емдеу мекемелерін ашуға болады. Алайда қазіргі кезде кәсіпкерлер ондайға көп бара бермейді.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестігінің қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ғалымбек Мамыраевтың айтуынша, осы саладағы заңнаманы да жетілдіру керек. Осыған байланысты орталық арнайы семинарларды ұйымдастыруды қолға алды. Сол жерде айтылған ұсыныс-кеңестердің негізінде қазіргі заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.