Мемлекеттік аудиттен кейін спорт саласында бақылау мен есепке алу күшейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудиттен кейін отандық спортшыларды тәрбиелеу және даярлау саласында бірқатар шара қабылданды.

Мемлекеттік аудиттен кейін спорт саласында бақылау мен есепке алу күшейтіледі
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласында тәртіп орнату бойынша дәйекті саясат жүргізуде. Атап айтқанда, биыл сәуірде Президент дене шынықтыру және спорт заңнамасына өзгерістер енгізетін заңға қол қойды. Сонымен қатар басым спорт түрлерін бекіту тәртібі қайта қаралып, шетелдік легионерлерді бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынды. 

Өз кезегінде Жоғары аудиторлық палата осы жазда спорт саласында аудиторлық іс-шара өткізді. Нәтижесінде республиканың спорттағы жетістіктеріне әсер ететін бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталып, оларды жою бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Мәселен, Спорт істері комитетіне спорттық резервті қалыптастыру үшін дарынды балаларды іздеуде мектептегі дене шынықтыру пәні мұғалімдерін тарту жолдарын пысықтау тапсырылды.

— Талдау нәтижесінде республика мектептерінде 32 мыңнан астам дене шынықтыру пәні мұғалімі жұмыс істейтіні, алайда олардың әлеуеті болашағы бар оқушыларды іріктеп, оларды мамандандырылған оқу орындары мен ұйымдарда әрі қарай спорттық даярлықтан өткізу ісінде толық пайдаланылмай отырғаны анықталды, — делінген хабарламада.

Нәтижесінде туризм және спорт министрінің м. а. шешімі бойынша мектептерде спорттық қабілеттері айқын балалар қатарынан жинақталатын мамандандырылған спорт сыныптары енгізіле бастайды. Бұл оларға әдеттегі оқумен қатар жаттығуларды біріктіруге мүмкіндік береді. Іріктеуді дене шынықтыру мұғалімдері мен спорт ұйымдарының жаттықтырушылары бірге жүргізеді. Осылайша, Қазақстанда білім беру және спорт компоненттерін біріктіретін спорттық резервті даярлаудың кешенді жүйесі қалыптасып келеді.

— Бұл талантты жас спортшыларды анықтауға және дамытуға мүмкіндік беріп, елдің халықаралық жарыстардағы мүмкіндігін арттырады, — деп хабарлады Жоғары аудиторлық палатадан.

Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасына бойынша Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдары бухгалтерлік есеп пен есептілік жүргізу барысында анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдады. Бұл өз кезегінде ашықтықты арттырып, жеке жауапкершілікті нығайтады, қателіктер қаупін азайтады және бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды жеңілдетеді.

Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмаларын орындау мақсатында бюджет және өзге де заңнаманы бұзғаны үшін мына ведомстволық және ведомстволық бағынысты ұйымдардың лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды:

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті; «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК; «Республикалық спорт колледжі» РМҚК;

«Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ;

«Алматы» олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК; «Алатау» қысқы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК.

Осылайша, спортшыларды даярлау жүйесінде анықталған кемшіліктерге мемлекет кешенді түрде ден қойып отыр.

Мектептер арқылы таланттарды іздеудің жаңа механизмдері енгізіліп жатыр, қаражатты есепке алу және бақылау күшейтіледі, жекелеген құқық бұзушылықтар жойылмақ. Бұл шаралар Қазақстандағы спорт резервін даярлау жүйесінің тұрақтылығы мен нәтижелілігін арттыруға ықпал етеді. Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша берілген өзге де тапсырмалардың орындалуы бақылауа болады.

Бұған дейін хабарланғандай, мемлекеттік аудиттен кейін «Жезқазған-Эйр» АҚ-ға қатысты антимонополиялық тергеу материалдары ҚМА-ға жолданады.

Соңғы жаңалықтар