Мемлекеттік қарыз деңгейі төмен болуы тиіс деп санаймын – Олжас Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның мемлекеттік қарыз деңгейі төмен. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Бектенов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

- Шындығында бүгінде мемлекеттік қарыз деңгейі жалпы ішкі өнімнің 23,6 пайызын құрайды. Жалпы танылған халықаралық әдістемеге сәйкес, мемлекеттік қарыздың мұндай деңгейі төмен деп мойындалады. Егер, мысал үшін алар болсақ, көптеген дамыған елдің мемлекеттік қарыз деңгейі 50, 80 пайыздан асады. Мемлекеттік қарыз деңгейі жалпы ішкі өнімнен 100 пайыздан да асатын жекелеген дамыған елдер бар. Әрине, мұндай тәжірибені қолдануға мүлдем шақырып отырғаным жоқ. Керісінше, Қазақстанның мемлекеттік қарыз деңгейі төмен болуы тиіс деп санаймын және Үкімет осы бағытта жұмыс істеп жатыр, - деді Үкімет басшыс сенаторлардың сауалына орай.

Оның атап өтуінше, бүгінде еліміздің мемлекеттік қарыз деңгейінің барынша қолайлы екенін халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауы да дәлелдеп отыр. Fitch, Moody's, S&P сынды рейтинг агенттіктерінің де жоғары бағалауына ие.

- Бұл өз кезегінде барынша тиімді шарттармен сыртқы қарыз тартуға мүмкіндік береді. Мәселен, қазан айының соңында 4,4 пайызбен еуробондтар орналастырдық. Бұл халықаралық инвесторлардың Қазақстанға сенетіндігін, осындай пайызбен ақша құятындығының жақсы көрсеткіші, ақшаның тартымды көрсеткіші, - деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.

 

Соңғы жаңалықтар