Мемлекеттік қарызымыз 31,7 трлн теңге — Мәди Тәкиев
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің мемлекеттік қарызы 31,7 трлн теңгені құрайды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.

— Шындығында да бюджет тапшылығы 2,7 пайызды құрайды. Егер теңгеге шақсақ, өткен жылы ол 3,7 трлн теңге, ал биыл 4,4 трлн теңге болды. Тапшылықтың төмендеуі біздің сыртқы нарықтан аз қарыз алатындығымызды білдіреді. Біздің мақсатымыз — мемлекеттік қарызды қысқарту. Дегенмен, оның көлемі үлкен де емес. Бүгінде 31,7 трлн теңгені құрайды, — деді Мәди Тәкиев Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет және Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бекітілді.
Отырыс соңында Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет өз жұмысында мемлекет мүдделерін әрдайым бірінші орынға қоятынын айтты.
— Үкімет жұмысында жетістіктер де, қателіктер де болады. Өмір болғаннан кейін қателіксіз болмайды. Бірақ, ең басты айтатыным, Үкімет өз жұмысында мемлекет мүдделерін әрдайым бірінші орынға қояды. Сондықтан алдағы уақытта да ортақ жұмысымыз жемісті болсын, — деді Олжас Бектенов.