Мемлекеттік кеңесші этносаралық келісімді нығайтуға арналған республикалық жиын өткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин этносаралық келісімді нығайту мәселелеріне арналған республикалық жиын өткізді. Басқосуға Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері қатысты. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

— Жиынға қатысушылар қазіргі ахуал туралы баяндап, аймақтарда этносаралық қатынас саласында тұрақтылықты қамтамасыз етуге, азаматтық қоғаммен бірлесіп жұмыс істеуге, мемлекеттік ақпарат саясатын жүзеге асыруға қатысты қолға алынып жатқан шаралар туралы мәлімет берді. Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу және бұл құрылымның форматын жетілдіру мәселесіне айрықша назар аударылды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар жиында биыл өтетін маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралар қарсаңында жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайту шаралары талқыланды.
Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші жауапты мемлекеттік органдарға этносаралық келісімді қамтамасыз етуге және барлық деңгейдегі үйлестіру жұмысын күшейтуге бағытталған ішкі саяси жұмыстың басым бағыттары бойынша нақты тапсырмалар берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ерлан Қарин ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне Маңғыстаудағы жерасты мешіттерін енгізу жөнінде өтінім берілгенін айтқан еді.