Мемлекеттік қызметке қабылдау конкурсы автоматтандырылады – Дархан Жазықбай
АСТАНА. KAZINFORM – Елге Мемлекеттік қызмет істері агенттігі не үшін керек? Президент тапсырмалары қалай орындалып жатыр? Мемлекеттік қызметтегі басшылар санын азайтқаннан не пайда? Мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта жеке өмір сүруге құқығы бар ма? Осы және өзгеде сұрақтарға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Jibek joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында жауап берді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі керек пе?
- Бұл әлемдік заманауи тәжірибелерді мемлекеттік басқару мен мемлекеттік аппарат жүйесін қалыптастыруда қажет. Ол мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тәртібін, регламентін, оның жүрісін реттеу үшін және жүйелі жұмыс істеуінің тәртіптерін реттеу. Сонымен қоса олар (мемлекеттік қызметшілер) мемлекеттік органдарда қызмет көрсетеді, соны бағалау үшін агенттік қажет. Мемлекеттік қызметшілердің қағидаты мен функцияналдық міндеттері бар. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғаймыз.
Мемлекеттік қызметшілерді өз міндетін атқармағаны немесе қате басқаны үшін жазалаған жөн бе?
- Мемлекеттік органдарда әдеп уәкілдері бар. Біз олардың ішінде ерлік танытып, еңбегіне адал болғандардың жұмысын насихаттаймыз. Мысалы, Түркістан облысы, Шардара ауданында ауыл әкімі су тасқыны кезінде басын қатерге тігіп адамдарды құтқарды. Сол сияқты Жамбыл облысы Шу ауданында қалың қар жауып, жол жабылған кезде ауыл әкімі қар құрсауында қалған 70 адамға көмектесті. Ал мемлекеттік қызметші қоғам алдында қандайда бір әдепсіз қылықтар жасайтын болса, оны біз міндетті түрде ашық жариялап, көрсетіп отырамыз. Ал оған негізсіз, дәйексіз жала жабылған жағдайда біз оны қорғаймыз. Заң мен тәртіп - баршаға ортақ. Мемлекеттік қызмет туралы заңда қызметшілердің жеке басына, жеке кеңістігіне кіруге шектеу қойылмаған. Менің ойымша, қоғам мемлекеттік қызметшілерге қатысты ортақ бір түсінікке келу керек деп ойлаймын. Осы орайда біз қазір мемлекеттік қызметшілерді қорғау мақсатында қандайда бір нормаларды енгізу жағын ойластырып жатырмыз.
2016 жылы мемлекеттік қызмет туралы жаңа редакциялық заң қабылданды. Сол кезде мемлекеттік қызметшілердің әр іс әрекетіне шектеулер қатты қойылды. Яғни мемлекеттік қызметшілер көпшілік жерге бармау керек, әлеуметтік желілерге фото жариялауға болмайды деген секілді. Біз қоғамнан қашатын болып қалғанбыз. Содан кейін біз бұлай болмайтындығын түсініп, Әдеп кодексін өзгерттік.
Президент тапсырмасының орындалу барысы
- Біріншіден, сервистік аппаратты құру, ол тек агенттік емес мемлекеттік органдардың күшімен жасалады. Бізге қарасты Мемлекеттік басқару академиясы ішінен HR институтын аштық. Одан бөлек, Мемлекет басшысы бізге жеке сектордан білікті мамандарды тартуды тапсырды. Осыған байланысты біз басқармалар, департаменттер басшыларын тікелей тағайындауды қолға алдық. Яғни біз түрлі жеке секторда жұмыс істеп жатқан мамандарды тартып, мемлекеттік қызметке орналастырамыз. Оларды қабылдар алдында басты 3 талап қойылады, олар мемлекеттік органдардағы өтілі, құқық қорғау немесе соттағы өтілі және жеке функцияналдық қабілеті.
Төрт бастық, бір орындаушы
- Бұл бізге дейін болған нәрсе. Былтыр біз талдау жасадық, қарап отырсақ басшы көп, орындаушы аз. Осыны реттеу үшін нормативтік акті қабылдау керек. Осылайша былтыр жыл аяғында басшы мен орындаушы арасындағы міндеттерді реттеу туралы бұйрыққа қол қойдым. Оған сәйкес, егер мемлекеттік органда 500 қызметкер болса, соның 30% басшы, қалғаны орындаушы болу керек. Біз басшыларды азайтып жатырмыз. Қазір мемлекеттік органдарда осы бұйрықты іске асыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Біз бұйрық бердік, олар орындау керек. Орындалмаса заң аясында тәртіпке шақырамыз.
Мемлекеттік қызметте бастық азайса, олардың жалақысы қайда кетеді?
- Төлем қоры үнемделген кезде, басшы еңбекақы қорындағы қаржыны пайдалана алады. Яғни қызметші жақсы жұмыс істеген жағдайда, бірінші басшы оған үстемақы тағайындауға құқығы бар. Министрлерге келсек, олардың жалақысы көтерілмейді, оған Мемлекет басшысы мораторий жариялады.
Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік мәселесін кім қорғайды?
- Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік құқығын қорғау өзекті. Осы орайда зейнетке шыққан мемлекеттік қызметшілер жалақысының 70% сақтауға қатысты ой, ұсынысымыз бар. Яғни лауазымына қарамастан. Одан бөлек, мемлекеттік қызметші көпбалалы болса, оның балаларына грант бөлу туралы да ұсыныстар бар. Аталған ұсыныстарды былтыр тамызда Үкіметке кіргіздік. Әзірге қаржы жағына байланысты қоя тұрыңыз деген жауап болды.
Президенттік жастар кадрлық резервтері
- Бұл жоба 2019 жылы қыркүйекте басталды, 2020 жылы қаңтарда жас мамандар жұмысқа орналаса бастады. Кадрлық резервтерге келгенде, әртүрлі сыни көзқарас, пікір болу керек. Бірақ, тоғысып келгенде бәрімізде бір ортақ пікір болу керек, ол дегеніміз жастарға мемлекеттік басқаруда мүмкіндік беру. Биыл 400 жас кадрлық резерв бар. Олардың 273-і мемлекеттік қызметке орналасты. Одан бөлек, 27 резервтегі кадрға ұсыныс келді.
Мемлекеттік қызметке қабылдау конкурсы автоматтандырылады
- Біздің мақсат – конкурсты адамның қатысуынсыз, автоматтандыру. Сингапур, Дубаймен меморандум жасап, солардың тәжірибесін енгізсек пе деп отырмыз. Толыққанды 2026 жылы енгізсем деген ойым бар.