Мемлекеттік қызметшілер жасанды интеллектіні арнайы оқиды
АСТАНА. KAZINFORM – Келер жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер жасанды интеллект курсынан өтеді.

- Үкімет қаулысымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жасанды интеллектіні енгізу бойынша жұмысты үйлестіру жөніндегі функцияларын күшейту қажет. Сондай-ақ цифрландыруға жауапты вице-министрлер үшін келесі жылы орындалуға тиіс нақты міндеттер қою ұсынылып отыр, - деді премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің көшпелі отырысында.
Осылайша, Премьер-министр қаулы жобалары алдын ала әзірленіп, барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгенін айтты.
- Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өңір әкімдерімен бірге келесі жылы мемлекеттік органдардың қызметшілерді жасанды интеллект құралдарына оқыту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын. Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары мен курстарын дайындасын, - деген тапсырма берді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Олжас Бектенов нейрондық желілер арқылы төтенше жағдайларды болжап, алдын алу мүмкіндігі туралы айтқан еді.