Мемлекеттік қызметтерді алуда бюрократия фактілері әлі де бар – Мемқызмет агенттігі
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі азаматтардан түскен 910 өтінішті қарап, 350-ден астам қызмет алушының құқығын қалпына келтірді.

«Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде бюрократия фактілері әлі де бар. 2023 жылы агенттікпен 910 өтінішті қарау нәтижесінде 350-ден астам қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 80,4 %-ға артық. Азаматтардың оның ішінде кәсіпкерлер субъектілерінің құқығын қорғау көбіне жер қатынастары, сәулет, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ меншік құқығы салаларына тиесілі», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Агенттік дерегіне сүйенсек, кәсіпкерлерге 1,1 млрд теңге субсидия қайтарылды. Одан бөлек, 100-ден астам қызмет алушының мемлекеттік актілерін ауыстыруға бюджет қаражаты бөлінді және 60-тан астам азаматқа жер телімдері берілді.