Мемлекеттік қызметтердің тек 3 пайызы ғана проактивті форматта көрсетіледі

мемқызметші
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 3%-ы ғана проактивті негізде (ешбір өтініш пен құжат жинамай-ақ, автоматты түрде) көрсетілген. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде агенттік төрағасы Дархан Жазықбай сервистік мемлекеттік аппаратты жетілдіру жөніндегі консультативтік-сараптамалық топтың кезекті отырысында айтты.

Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша тиісті министрліктермен бірге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және 29 орталық орган өкілдерінің қатысуымен тиісті тізілімге енгізілген барлық мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша тыңдау ұйымдастырған.

Қолданыстағы тізілімді талдау нәтижесінде мемлекеттік қызметтің тек 3% — проактивті форматта, 8% — композиттік, ал 68% — эксаумақтық тәсілдермен көрсетілетіні анықталды.

«Агенттік әзірлеген 17 бағыт бойынша мемлекеттік қызмет көрсету рәсімін жетілдіру жөнінде арнайы бөлім арқылы мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау қағидаларын қайта қарау ұсынылды. Жүргізілген талдау нәтижесінде агенттік 30 мемлекеттік көрсетілетін қызметті эксаумақтық форматқа, 251 мемлекеттік көрсетілетін қызметті проактивті форматқа, 72 мемлекеттік көрсетілетін қызметті композиттік форматқа ауыстыру туралы, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін қысқарту бойынша 273 ұсыныс әзірледі. Бұл қағидаларды мемлекеттік қызметтер көрсетудің бизнес-процестеріне реинжиниринг жүргізу және оларды көрсету қағидаларын әзірлеу кезінде мемлекеттік органдар басшылыққа алады», — дейді Дархан Жазықбай. 

Оның айтуынша, кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімінің басым бөлігі мемлекеттік органдармен келісу рәсіміне жұмсалып жатыр.

Осыған байланысты агенттік келісу рәсімі бар қызметтердің бизнес-процестерін автоматтандыруды ұсынып отыр.

Талдау кезінде қызмет көрсету мерзімін есептеудің бірыңғай тәсілі жоқ екені анықталған. 

«Мәселен, нормативтік құқықтық актілерге сәйкес қызмет көрсету мерзімі жұмыс немесе күнтізбелік күндермен есептелуі мүмкін. Осыған орай, агенттік тарапынан қызмет көрсету мерзімін күнтізбелік күндерден жұмыс күндеріне ауыстыру мәселесін қарастыруды ұсынып отыр», — дейді агенттік басшысы.

 

Соңғы жаңалықтар