Мемлекеттік қолдау алуға өтінім берген кәсіпкердің басты проблемалары қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев мемлекеттік қолдау алуға өтінім берген кәсіпкерлердің басты проблемаларын атады.

Қызылордада кәсіпкерлік саласындағы заңбұзушылықтар саны 42%-ға артқан
Фото: accountingweb

- Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау алуға өтініш білдірген кезде кездесетін негізгі проблемаларды атап өтейін. Бірінші кезекте, бұл – кредиттік тарих. Несие алғысы келетін азаматтардың, ең алдымен, кредиттік тарихы жақсы болуы маңызды. Екінші мәселе – кепілзаттың жеткіліксіздігі. Бұл проблеманы шешу үшін біз кепілдік береміз. Атап айтқанда, 3,5 млрд теңгеге дейінгі сома бойынша қарыздың 85 пайызына дейін кепілдік ұсынамыз, - деді ол тілшілер сауалына орай.

Оның айтуынша, үшінші мәселе – кәсіпкердің өз қаражатының болмауы. Көпшілігінде жеке қаражаты жеткіліксіз.

- Шағын бизнеспен айналысқысы келетін азаматтарға бұл іске белгілі бір жинақпен келу керектігін айтамыз. Соңғы мәселе – жобалардың жеткілікті деңгейде дайындалмауы. Кәсібін жаңадан бастағысы келетін немесе жаңа бағытты игеруді жоспарлап отырған кәсіпкерлер алдын ала дайындалуы қажет. Бұл университетке түсу сияқты. Кәсіп ашу үшін де дайындық керек. Демек, маркетингтік және сметалық есептері, шикізатты қайдан сатып алатыны, өнімді кімге сататыны, жобаның рентабельділігі және тағы басқа мәселелер қамтылған бизнес-жоспар болуы тиіс, - деді басқарма басшысы.

Фархат Сәрсекеев кәсібін жаңадан бастаушыларға «Арманнан іске» деп аталатын пилоттық бағдарламаның іске қосылғанын айтады.

- Екі қалада демо-күн өткізіп, өте жақсы жобаларды іріктеп алдық. Бағдарламаның мәні неде? Жасы 30 бен 55 аралығындағы, жұмыс тәжірибесі, жақсы кредиттік тарихы және белгілі бір жинағы бар жас кәсіпкерлерді акселерациядан өткіземіз. Екі жыл ішінде Human Capital компаниясын жалдадық. Ол кәсіпкерлердің бизнес-жоспарларын қаржыландыруға дайындау үшін акселерация жүргізеді. Екі айдың қорытындысы бойынша комиссия өткізіп, жобаларды іріктейміз және қаржыландыруға жібереміз. Өткен аптада Алматыда демо-күн өткіздік. Оған дейін Астанада ұйымдастырған едік. Ал желтоқсан айының басында Шымкент қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Әзірге бұл – пилоттық бағдарлама. Егер оның нәтижесі жақсы болса, бағдарламаны кеңейтіп, мемлекеттік қолдау деңгейіне шығаруды жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Айта кетейік, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі биыл тоғыз айда экономикаға 8,7 трлн теңгеге қолдау көрсетті.